Елдегі 9 банк жабылады: жұрттың 113 млрд теңгеден аса қаражаты қайтарылды

Жаңалықтар
view 292
news

Фотосурет: kazlenta.kz

Елімізде 9 банк таратылу сатысында тұр. Бұл туралы Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКҚ) мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Қазір қор азаматтардан «дәлелді себептермен» өтемақы төлеу жөніндегі өтініштерді қабылдауды жалғастырып жатыр.

ҚДКҚ дерегінше, биылғы 1 наурызға дейін 40 салымшыға 60 миллион теңгеден аса өтемақы төленген. Бұл қаражат өтініш беру мерзімін өткізіп алған, бірақ себептерін құжат түрінде растай алған азаматтарға жеке тәртіппен қаралғаннан кейін төленді.

Жабылуға жатқызылған банктер тізімі:

  1. Валют-Транзит Банк;
  2. Казинвестбанк;
  3. Delta Bank;
  4. Qazaq Banki;
  5. Эксимбанк Казахстан;
  6. Астана банк;
  7. Tengri Bank;
  8. AsiaCredit Bank;
  9. Capital Bank Kazakhstan.

Аталған банктер бойынша өтемақы төлеу мерзімі аяқталғанмен, талап етілмеген сомалар салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ( БЖЗҚ)жеке шоттарына аударылған. Алайда өтініш беру мерзімін өткізіп алған, бірақ оған дәлелді себептері бар азаматтар әлі де өтемақы алуға өтініш бере алады.

Ондай себептер қатарына мыналар жатады:

  • әскери борышын өтеу;
  • ел аумағынан тыс жерде болу;
  • мұрагерлік рәсімдеу;
  • бас бостандығынан айыру орындарында болу;
  • сот шешімімен расталған өзге де жағдайлар.

Өтініш беруші өз жағдайын мынадай тиісті құжаттармен дәлелдеуге тиіс:

  • әскери бөлімнен қызмет өткеру туралы анықтама;
  • шетелге шыққанын растайтын паспорт мөрі немесе визалық белгі;
  • мұрагерлік туралы нотариалды куәлік немесе сот шешімі.

Маңыздысы – бұл құжаттар өтініш бере алмаған кезеңді толық қамтуы керек. Уақыт есептеу банктің лицензиясынан айырылған күннен бастап бір жылдық мерзім ішінде жүргізіледі.

Өтінішті ҚДКҚ кеңсесіне жеке барып немесе пошта арқылы жіберуге болады. Пошта арқылы жолдаған жағдайда өтініш иесінің қолы нотариалды расталуы, ал жеке куәліктің көшірмесі қоса тіркелуі қажет.

Қор өтініштерді 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Егер өтініш мақұлданса, қаражат салымшының есепшотына аударылады. Бас тартылған жағдайда ҚДКҚ өтініш иесіне бас тарту себебін түсіндіріп, құжаттағы қателіктерді түзету жөнінде нұсқаулық береді.

Қазір 148 мың салымшы өз өтемақысын алып үлгерді. Жалпы 113 миллиард теңгеден аса қаражат қайтарылған. Бұл сома – қордың жалпы міндеттемесінің 98 пайызына тең.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *