Ескертусіз басталған құрылысқа алматылықтар қарсы шықты

Жаңалықтар
view 200
news

Фотосурет stan.kz сайтынан алынды

Жер үйлердің дәл іргесінде ескертусіз басталған құрылысқа алматылықтар қарсы шықты. Тұрғындардың айтуынша, тұрғындар бірнеше мәрте балалар алаңын сұраған орынға бүгінде белгісіз адамдар қоршау салып, нысан соғуға кіріскен. Олар осы уақытқа дейін әкімдіктің тапсырмасымен күтіп бапталған ағаштарды да кесіп, көзін құртты дейді, деп жазады janabastau.kz тілшісі stan.kz сілтеме жасап.

Қазір Абай даңғылы аяқталып тұрған тұстағы тұрғындардың айтуынша, жол жиегі осыдан бос жатқан орынға бір ай бұрын балалар алаңын салуды сұраған. Ол үшін аудандық әкімдікке өтініш те жолдаған, бірақ ол жауапсыз қалған екен. Есесіне, кейін дәл сол аумақ түгел қоршалып, жүк көліктері көбейген. 

“Ішіндегі егілген теректің барлығын кесіп тастады. Енді қазып жатыр, негізі оның астында су магистралі бар, қызыл сызық дейді ғой. Олар судың үстінен салып жатыр, ал канализация арғы жағынан көрініп тұр. Мына жолдың барлығын өзіміз асфальттаған едік, қазір шұңқыр қылып, тесіп бітірді шынын айтқанда”, – деді тұрғын Жалғас Жанғалиев. 

“Мына жердің жекеменшікке өткеніне 3-4 жыл болды дейді. Бірақ күні кешегіге дейін бұл жер суғарылып, әкімдік тарапынан күтіп бапталған. Арнайы көлікпен суаратын. Оның бәрі жақын жердегі далаға төгіліп жатыр, өзім көрдім. Мұнда 3 қабатты дүкен, жылдам тамақтану орны болады дейді. Оның бәрі жолдың бойында, біз ондай құрылысқа қарсымыз!” – деді Назерке Оралбекова. 

Тұрғындардың айтуынша, дүкен саламыз дегендер халықты хабардар ету былай тұрсын, қазір қауіпсіздік ережесін де елемейді. Тартқан тоқ сымдары жерде қалған. Маңда құрылыс жайында ақпарат беретін тақтайша, бір жапырақ қағаз да жоқ. Ал дүкен саламын деп басы дауға қалған тараптың жауапты өкілі жерге қатысты құжаты барын айтты. 

“Жерді жекеменшіктен 3-4 жыл бұрын сатып алғанбыз. Бізде учаскенің құжаты да бар, әкімдік те хабардар. Салынатын нысанның паспортын жуырда ілеміз”, – деді құрылысқа жауапты өкіл Әлихан Абылғазыұлы. 

Ал аумақтан бес аттам жерде орналасқан Наурызбай ауданы әкімдігінің өкілдері бұл жайттан хабарсыз екенін жеткізді. Шенділер мәселені тұрғындар шағымданған соң ғана анықтағалы отыр. 

“Жекеменшік жердегі ағаш кесу бойынша ол негізі Алматы қаласының көріктендіру ережесі бар. Көріктендіру ережесіне сәйкес тиісті мекемелер айналысатын болады. Егер де ағаштар рұқсатсыз кесілген болса айыппұл салынып, оған шығынды өтеу ретінде орнына ағаштар отырғызады. Ал егер құрылыс жұмыстарына рұқсат қағазы жоқ болса, құрылыс міндетті түрде тиісті мекемелермен тоқтатылатын болады.”, – деп айтты Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Асылхан Орынбеков. 

Шенеунік телімнің нақты кімге тиесілі екенінен де әзірге бейхабар. Өйткені құрылысқа рұқсат беру, жерді жекешелендіру ісіне аудандық әкімдік араласпайды дейді. Ол мәселе бойынша жауапты мекемелер міндетті түрде тексеру жүргізіп, ақ-қарасын анықтайды деп уәде етті.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *