Гибридті қауіп-қатерлер бізден жаңа реакцияны талап етеді - сарапшы

Жаңалықтар
view 30
news

Фотосурет: vestisemey.kz

«Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей, бүгінде заман дамып, қоғам санасы өскен сайын қылмыс құрамы да «жасарып», жаңа ағымға бейімделген түр-түрі пайда болып жатыр. Солардың басында қаржылық пирамида, кибершабуыл, онлайн-радикализация сияқты бұрын-соңды естімек түгіл, түске де кірмеген бірдеңелер тұр. Біз соларға қарсы күрестің қалай жүргізіліп жатқанын заң сарапшысы Айдар Балташевтен сұрап көрдік.

– Айдар Сейітұлы, «Заман – басқа, заң – басқа» дегендей, қазір қауіп-қатердің де неше түрі пайда болып жатыр ғой. Осы орайда ұлттық қауіпсіздік саласына қандай жаңа міндеттер жүктелген?

– Соңғы жылдары қауіпсіздік ұғымы айтарлықтай кеңейді. Бұрын ол негізінен шекара, армия, барлау жүйесімен шектелсе, қазір киберқауіпсіздік, ақпараттық кеңістік, экономикалық тұрақтылық, деректерді қорғау, қоғамдық сенім сияқты бағыттар да ұлттық қауіпсіздіктің толыққанды бөлігіне айналды. Гибридті қауіп-қатерлердің өсуі мемлекеттен де, қоғамнан да жаңа реакцияны талап етеді.

Сіз қылмыс құрылымында өзгеріс бар екенін жиі айтасыз. Мысалға қай өзгерісті ерекше атап өтер едіңіз?

Қылмыс күннен-күнге «көрінбейтін» сипатқа ие болып барады. Көшедегі қылмыс азайғанмен, киберқылмыс, алдау-арбау схемалары, криптовалюта арқылы жасалатын алаяқтық, қаржылық пирамидалар сынды жаңа бағыттар арта түсті. Сонымен бірге трансұлттық есірткі трафигі, адам саудасы, онлайн-радикализацияның күшеюі қауіпсіздік органдарын жаңа тәсілдерге көшуге мәжбүр етіп отыр. Бүгінгі қылмыскер бұрынғыдай күш қолданбайды, ол технология мен ақпараттық құралдарды тиімді пайдаланады.

– Иә, сондай-ақ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрестің де күрделенгені мәлім. Бұл бағыттағы ең тиімді әдістер қандай?

– Алдымен қаржылық бақылаудың іске асқаны тиімді. Өйткені қылмыстық топтарды ақша күшейтеді. Сондықтан олардың қаржыландыру арналарын жабу, күмәнді транзакцияларды қадағалау аса маңызды. Екіншіден, халықаралық ынтымақтастықты арттыру керек. Ұйымдасқан қылмыскерлер көбіне бірнеше елдің аумағында әрекет етеді. Оларды тек бір елдің күшімен тоқтату мүмкін емес. Ортақ операциялар, деректерді интеграциялау, бірлескен тергеулер – міндетті тетік. Үшіншіден, жедел талдаудың жаңа мәдениетін қалыптастырған жөн. Ақпарат ағыны өте көп. Сол ақпаратты талдап, тәуекелдерді алдын ала болжайтын мамандардың маңызы артып келеді.

– Негізінен қазір киберқауіпсіздіктің қоғамның бас ауруына айналғаны жасырын емес. Бұл саладағы қауіптер қаншалықты күрделі деп ойлайсыз?

– Бұл киберкеңістік дегеннің өзі – елдің инфрақұрылымы сияқты стратегиялық нысан. Кибершабуылдар бір мезетте мемлекеттік базаларды, банктерді, энергетика нысандарын, тіпті көлік жүйесін тоқтатуы мүмкін. Бүгінде киберқауіптің спектрі кеңейді. Атап айтқанда, фишинг, аккаунт ұрлау, цифрлық бопсалау, deepfake арқылы жасалатын алаяқтық, зиянды бағдарламалар, деректерді бұғаттау дегендер өте жылдам дамып жатыр. Бұл – тек техникалық емес, кадрлық та мәселе. Өкінішке қарай, арнаулы мамандар даярлау киберқауіпсіздік саясатының әлсіз және ең маңызды тұсы болып тұр.

– Енді жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөнінде не айтар едіңіз?

– Профилактика жүргізу керек қой. Жастар эмоцияға бейім, ал цифрлық кеңістікте манипуляция өте көп. Сондықтан мектеп пен ЖОО-дағы ақпараттық сауаттылық, киберқауіпсіздік негіздері, жалған ақпаратпен күрес мәдениеті қажет. Психологиялық қолдау да маңызды рөл атқарады. Отбасылық ахуал, әлеуметтік орта, қоғамға бейімделу деңгейі... бәрі-бәрі ықпал етеді. Сондай-ақ жастардың энергиясын дұрыс арнаға бұратын спорт, шығармашылық, кәсіптік жобалар – құқықбұзушылықтың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.

Жемқорлық ше? Ұлттық қауіпсіздігімізге ол қалай әсер етіп жатыр?

– Жемқорлық – мемлекеттің ең әлсіз жері. Ол құқық қорғау жүйесінің беделін түсіреді, қоғам сенімін азайтады. Егер жүйе ішінде әділдік болмаса, қылмыстық топтар өз ықпалын күшейте береді. Сондықтан жемқорлықпен күресті тек құқықтық мәселе емес, стратегиялық қауіпсіздік міндеті дер едім.

Ал сіздіңше алдағы уақытта ұлттық қауіпсіздік жүйесі қандай бағытқа бет бұруы керек?

– Бұл сұрағыңызға жауапты бірнеше бөлікке бөліп, талдап берейін.

Біріншіден, ақпараттық-талдау орталықтарын күшейту;

Екіншіден, жасанды интеллектті қауіп-қатерді болжауға пайдалану;

Үшіншіден, киберқауіпсіздікке маманданған бөлімшелерді кеңейту;

Төртіншіден, мемлекеттік органдар мен қоғамның ақпараттық тұрақтылығын арттыру;

Бесіншіден, төтенше, гибридті және цифрлық қатерлерге жедел әрекет ету жүйесін құру қажет. Осы бесеуін бес саусақша бүгілтіп, жұдырықша жұмылдырсақ, қауіпсіздік толыққанды қамтамасыз етілмей қоймайды. Басты ескерер жайт, ұлттық қауіпсіздік – тек арнайы органдардың жұмысы емес, мемлекеттің барлық саласын біріктіретін үлкен экожүйе.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерік ЕЛЕУСІЗ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *