Қазақстан мен Гонконг кешенді ықпалдастықты тереңдетуге келісті

Жаңалықтар
view 27
news

Фотосурет: Ақорда

Президент Гонконг арнаулы әкімшілік ауданы әкімшілігінің басшысы Джон Лимен кездесу өткізді, дп хабарлады Ақорда.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар Қазақстан мен Гонконг, кеңінен алып қарағанда, мәңгі жан-жақты стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. 

"Елдеріміздің арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог орнаған, сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастық қарқынды дамып келеді. Гонконгпен қарым-қатынасымыз туралы да дәл осылай айтуға болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы инвестиция, инновация, технология және халықаралық сауда салаларында әлеуеті зор Гонконг әлемде жетекші қаржы және іскерлік орталықтардың бірі ретінде ерекше рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға салмақты бизнес-делегациямен бірге келгені үшін мәртебелі мейманға ризашылығын білдірді. Бұл Гонконг іскерлік қауымдастығының елімізбен ынтымақтастықты арттыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын байқатады. Президент бұл сапар өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік қарым-қатынасты кеңейтуге және инвестиция, қаржы, цифрландыру, жасанды интеллект, көлік-логистика бағыттарында бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыруға жол ашатынына сенімді екенін жеткізді. Джон Ли Гонконгтың Қазақстанмен кешенді ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін растады. "Аталған сапарға ерекше мән беремін. Менімен шетелге шыққан делегациялардың ең ауқымдысы осы болды. Оның құрамына логистика, "жасыл" энергетика, тау-кен өнеркәсібі, инновация мен технология және білім беру сияқты басты салаларда еңбек ететін 75 ресми тұлға мен кәсіпкер енді", – деді Джон Ли. 

Гонконг Әкімшілігінің Басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанда көтерілген "Бір белдеу, бір жол" бастамасы екі ел арасындағы берік әрі достық байланыстардың жарқын көрінісіне айналғанына тоқталды.

Оның айтуынша, Қытай Халық Республикасының арнаулы әкімшілік ауданы саналатын Гонконг аталған бастаманы ілгерілетуге белсенді түрде атсалысып келеді. Сонымен қатар өңіраралық байланыстардың кеңеюі қалаға елеулі артықшылық береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джон Ли екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар нақты мәселені талқылап, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға өзара мүдделі екенін растады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *