Ежелгі Тұраннан – қазіргі Түркі мемлекеттері ұйымына дейін
Фотосурет ашық дереккөзден
Түркі халықтарының бір шаңырақ астында бірігу арманы – тарихтың әр дәуірінде әртүрлі сипатта көрініс тауып келе жатқан көне идея. Ол кейде мифологиялық кеңістікте «Тұран» бейнесімен, кейде саяси қозғалыс ретінде пантүркизм кейпінде беріледі. Ал бүгінгі күні Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) нақты халықаралық құрылымға айналды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Тұран ұғымы ең алғаш Иранға қарсы бас көтерген көшпелілер одағы ретінде б.э.д. I мыңжылдықтағы «Авестада» бейнеленсе, «Шахнамада» Иран мен Тұран – мәңгілік бәсекелес қос әлем болып суреттелген. Бұл аңыздың артында тұтас халықтардың тарихы мен тағдыры, мәдени коды жатқанын ұмытпайық.
Сондай-ақ VI–VIII ғғ. өмір сүрген Түркі қағанатын – нағыз түркі халықтарының ортақ мемлекеті деп атау керек. Ол саяси тұрғыда да, этникалық жағынан да түркі жұртын біріктірді.
Түркі қағанатын VI ғасырда Бумын қаған құрды. Оның құрамына қыпшақ, қаңлы, үйсін, оғыз, теле, қырғыз, қарлұқ сияқты көптеген туысқан тайпалар енді. Олардың тілі, дәстүрі, мәдениеті түркілік сипатта болды. Қағанат халқын ортақ көне түркі тілі біріктірді. Орхон-Енисей жазбалары (Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін бітіктестері) – осының айғағы.
Қағанаттың күші – тек қылыштың ұшында емес, ортақ рух пен тілде болды. Орхон-Енисей жазуларында таңбаланған қағандардың өсиеті – сол дәуірдің өзінде түркі халықтарының тағдырын бірлікпен байланыстырғанын дәлелдейді. «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деген сөздер – мемлекеттіліктің мәнін ұқтырған асыл аманат.
Қағанат дәуірінде «түркі» этнонимі алғаш рет мемлекет деңгейінде қолданылды. Мемлекет қаған басқарған орталықтанған құрылымға айналды. Әрбір тайпа өз дәстүрін сақтаса да, бәрі бір қағанаттың қол астында шоғырланды. Түркі қағанаты – кейінгі барлық түркі мемлекеттерінің (Қарахан, Қарлұқ, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы, т.б.) арғы атасына айналды.
Шыңғыс ханның тұңғыш ұлы Жошы негізін қалаған, кейін Батый хан тұсында қуатты мемлекетке айналған Ұлық ұлыс (Алтын Орда, XIII–XV ғғ.) мемлекетін де «түркі тілдес елдер одағы» деу керек. Өйткені Алтын Орда құрамында түркі тайпалары арғындар, наймандар, қыпшақтар, қоңыраттар, керейттер, қаңлылар басым болды және олар мемлекетқұраушы негізгі күшке айналды. Сондай-ақ Алтын Орда халқының әскери дәстүрі, көшпелі өмір салты, шаруашылық жүйесі түгел түркілік сипат алды. XIV ғасырдан бастап мемлекеттің ресми тілі ретінде қыпшақ тілі бекіді. Мемлекеттің ресми құжаттары қыпшақ тілінде жазылды. Әртүрлі этностар (угор, моңғол, славян) болғанымен, уақыт өте келе олар да түріктеніп, ортақ мәдени кеңістікке сіңісіп кетті.
Түркі мемлекеттері ұйымы – бұл көне «Тұран» идеясының XXI ғасырдағы жаңғырығы. Ол тарихи тамырластықты экономикалық және саяси ағымдарға ұштастырып, туыстас халықтардың болашағына бағытталған тың идеялармен ұласты.
XIX ғасырда «Тұран» ұғымының жаңа тынысы ашылды. Венгр ғалымы А. Вамбери «Тұран халықтары» терминін қалыптастырып, түркі, моңғол, фин-угор қауымдарын бір арнаға тоғыстырды. XX ғасырда Гөкалып Зия «Тұран – барлық түркілердің ортақ Отаны» деген тұжырым жасады.
Қазақ зиялылары да бұл идеядан тыс қалған жоқ. Алаш қайраткерлері «Тұранды» құрғақ саяси ұранға айналдырмай, оны рухани бірлік пен мәдени сабақтастықтың символы ретінде қабылдады. Алаштықтар «Тұран» – халықтың қиялындағы қол жетпес арман емес, бодандықтан азаттыққа жетелейтін ішкі рух, үзілмеген үміт деп түсінді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы ең алдымен қазақ мемлекеттілігін күшейтудің жайын ойлады.
Қазақ зиялылары тым саясиландырылған пантүркизмге ұрынбады. Олар бәрінен бұрын қазақтың ұлттық ауызбіршілігін күшейтіп, Тәуелсіз мемлекет құруды өздерінің тарихи миссиясы санады. Сондықтанда «Тұранды» ұлтты оятушы күш, тарихи тамырды жаңғыртатын идея ретінде қабылдады.
«Алаш» мұрасы туралы сөз қозғағанда, біз «Тұран» идеясын айналып кете алмаймыз. Оның басты мәні – ұлттық мемлекет құрудың іргетасы ретінде қабылданса, кең мағынада – бауырлас халықтарды рухани жақындастыратын кеңістік ретінде тұжырымдалды.
Уақыт өзгергенімен, халықтық арман өзгермейді: ол әр дәуірде заманына қарай әр қырынан көрініп, еркіндік сүйгіш халықтың рухани жолбасшысына айналып отырды.
1992 жылы Түркияда тәуелсіздігін енді алған түркі елдерінің алғашқы саммиті өтті. Бірақ бұл басқосу бірден саяси одаққа айнала қойған жоқ. Оған Мәскеудің өктем ықпалы мен аймақтық қайшылықтар мүмкіндік бермеді.
2009 жылы Түркия, Қазақстан, Әзербайжан және Қырғызстан бірігіп, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құрды. Кейін ол Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) болып қайта аталды. 2022 жылы Самарқандта алғаш рет ТМҰ саммиті ұйымдастырылды. Осы жиында «Түркі әлемінің көзқарасы-2040» стратегиясы қабылданды.
Бүгінде түркі әлемінің интеграциясы – күн тәртібіндегі маңызды тақырып. Түркі мемлекеттері ұйымы қолға алып отырған бастамалардан қағанат дәуірінің сабақтастығы сезіледі. Бабалар армандаған бірлік идеясы жаңа ғасырда жаңаша сипатта көрініс тапқан. Түркі қағанаты – өткеннің көне парағы ғана емес, қазіргі түркі ынтымақтастығының қайнар бұлағы. Ол – тарихтан жеткен тағылымды сабақ, болашаққа бағытталған шамшырақ.
Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) – түркі халықтарының тарихи тамырын, ортақ мәдениетін, тілі мен дәстүрін заманауи жағдайда қайта тоғыстырып отырған халықаралық ұйым. Ол мүше елдер арасында өзара саяси диалогты күшейтіп, ортақ түркілік мүдделерді бірлесіп қорғауды көздейді, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, терроризмге қарсы бірлескен әрекеттер жүргізу жағы ойластырылған. Сондай-ақ экономикалық ықпалдастықты нығайтып, түркі мемлекеттері арасында инвестиция, көлік-логистика, сауда салаларын дамыту жоспарланған. Ал рухани және мәдени тұрғысынан түркі халықтарының тілдік, мәдени, тарихи бірегейлігін сақтау және дамыту мәселелері қарастырылған. Түркі әдебиеті, жазуы, өнері, музыкасы бүгінде ұйым аясында жаңаша деңгейде насихатталуда. Қазіргі кезде ТМҰ құрамында Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттері бар. Сондай-ақ Мажарстан, Түрікменстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы ретінде кіреді.
Егер ежелгі «Тұран» – мифологиялық кеңістік болса, бүгінгі ТМҰ – нақты институционалды құрылым. Оның халқы – 150 миллионнан асады, аумағы – 4,5 миллион шаршы шақырымнан көп, жиынтық ЖІӨ-сі – 1,5 триллион доллар. Бұрынғы аңыз бүгінде халықаралық ұйымның ресми құжатына айналып отыр.
 
                                     
                                     
                                     
                                     
                                     
                 
                 
                 
                 
                                 
                                 
    
Пікірлер (0)