Испания төрінде Қазақстан боксшылары топ жарды
Фотосурет: ашық дереккөз
3-8 ақпан аралығында Испанияның Ла-Нусия төрінде ұйымдастырылған халықаралық Boxam Elite-2026 бокс турнирі аяқталды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Халықаралық додаға Қазақстан құрамасы атынан ерлер сапында 10 салмақ дәрежесі бойынша 18 боксшы бақ сынаса, әйелдер арасындағы байрақты бәсекеде 9 салмақ дәрежесінде 14 отандасымыз ел намысын қорғады.
Жарыс нәтижесінде қазақстандық былғары қолғап шеберлерінің қанжығасына 6 алтын, 5 күміс, 6 қола медаль байланды. Бұл жаңалықты спорт журналисі Аслан Қаженов сүйіншіледі.
Финалдық кездесулер қорытындысы бойынша 11 боксшымыздың алтауы жеңіске жетіп, чемпион атанды. Атап айтқанда, Үмида Садықова, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Төрехан Сабырхан, Нұрбек Оралбай және Айбек Оралбай қарсыластарын ұтты. Ал Назерке Серік, Панар Сейітханқызы, Нұрасыл Асылхан, Аман Қонысбеков және Сағындық Тоғамбай күмісті қанағат тұтты. Бұған қоса, алты боксшымыз, яғни, Гүзал Садықова, Элянұр Тұрғанова, Нұрзат Оңғаров, Нұрбек Мұрсал, Тимур Нұрсейітов және Азамат Бектас қола жүлдеге қол созды, – деп жазды ол.
Пікірлер (0)