Қала әкімі жауапты тұлғаларға тиісінше тапсырма берді

Саясат
view 901
news

Қазанның 10 жұлдызында Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов кезекті аппарат кеңесін өткізді. Күн тәртібінде негізгі екі мәселе қаралды: тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясының жұмысы; электр желілерінің жай-күйі, электр желілері мен құрылғыларын түгендеу. Кеңес жиынында мұнан басқа да ағымдық проблемалар талқыланды. Алғаш болып мінбеге көтерілген Қосшы қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының міндетін атқарушысы Жасұлан Чегибаев ұйымның есепті мерзімде атқарған жұмыстары жайында баяндай келіп, әр сала бойынша жеке-жеке тоқталды. Қазіргі күні қаланы электр қуатымен ПС Северная және ПС Целиноградская РП – 4 қамтамасыз етіп отыр. Жиынтық трансформаторлық қосалқы станция (КТП) – 252. Оның 215-і мемлекеттік органдардың қарамағында, қалған 22-сі «АРЭК» ЖШС-нің және 15-і жекеменшіктің қолында. Электр желісінің жалпы ұзындығы 385 шақырым.Тораптың 45 %-ының тозығы жеткен. – Бүгінде электр желілерін «АРЭК» ЖШСнің сенімді басқаруына беру үшін нысандарды пайдалануға құқық беретін құжат әзірленіп жатыр. Құжаттар жыл соңына дейін рәсімделіп бітуі тиіс,– дейді Жасұлан Маратұлы. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап «Орда Құрылыс А» ЖШС Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылын сенімді басқару арқылы электрмен жабдықтауға кірісті. Бұған дейін бұл жұмысты «КИПЭСТ К» ЖШС атқарып келген болатын. «Орда Құрылыс А» ЖШС электр желісін зерттеп, оның ақаулық ведомствосы мен сметалық құжатын жасады. Желіге ағымдық жөндеу жүргізу үшін бюджеттік ұсыным берді, ол қазір облыстық энергетика және ТКШ басқармасының қарауында жатыр. Жасұлан Чегибаевтың айтуынша, қазіргі кезде Қосшы қаласын толықтай электр энергиясымен қамтамасыз етудің 4-кезеңінің жобасы әзірленуде. Оның қорытындысы 3 тоқсанның соңына дейін дайын болуы тиіс. Жоба бойынша 90 шақырым желі тартылып, жеке сектордағы 1 500 абонентті электр қуатымен қамту көзделген. Жоба 2024-2025 жылдары жүзеге асырылады деп күтілуде. Қаланы сумен қамтамасыз ету жайына келсек: жергілікті халыққа ауызсу Нижнеромановск тоғанынан беріледі. Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне тұрғындардың 80%-ы қосылған. Қосшылықтар тәулігіне 5 900-6 000 мың м3 су тұтынады. Былтыр «Мелиоратор» ЖШС «Қосшы қаласын сумен жабдықтау желісі құрылысының 4-кезегі» жобасы бойынша жұмыстарды бастаған болатын. Ол бойынша желінің ұзындығы 129,6 км құрайды. Жоба жүзеге асырылған жағдайда 2,5 мың үй су торабына қосылатын болады. Айта кетейік, 2022 жылы қалада 29 шақырым сумен жабдықтау желісі салынса, биыл тағы 50 шақырым желі тарту жоспарланып отыр. Қаланың кәріз тазарту құрылғысы 2010 жылы пайдалануға берілді. Оның жобалық қуаты тәулігіне – 10 000 м3. Кәріз сорғы станцияларының (КСС) саны – 77. Су тарту жүйесіне 12 мың абонент қосылған. Сондай-ақ Қосшыны жылумен жабдықтап тұрған Орталық қазандық 2015 жылы «Котельная АСИ» ЖШС-ның сенімді басқаруына берілген. Онда жалпы қуатылығы сағатына 75 Гкал КВФ 29-150 маркілі үш қазандық орнатылған. Оған қоса сағатына 500 кВт өндіретін дизель электр станциясы жұмыс істейді.2023-2024 жылдың қысында қаланың көмірге тұтыну көлемі 37 мың тонна деп мөлшерленген. Қазіргі күні оның 16 мың тоннасы жеткізілді. Биылғы жылу беру маусымына даярлық шеңберінде жылу тораптарын жөндеуге және отын сатып алуға облыстық бюджеттен 488,7 млн теңге бөлінді. Биыл қаланы абаттандыру бойынша да бірталай жұмыстар атқарылған. Баяндамашының мәлімдеуінше, «Асылмұрат» ЖК жаңадан ашылған коммуналдық жағажайды жасақтандырды. Қазіргі кезде жағажай қаланың көпшілік демалатын сүйікті орнына айналып үлгерді. Сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған 31 контейнерлік алаң орнатылды. Әлі 18 контейнер алаңын (36 контейнер) жайғастыру шаралары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, жаз бойы тал-ағаштың ұштарын кесу, түрлі шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялау жұмыстары жүргізілді. Ағымдағы жылы 6 балалар алаңын жасауға қаржы бөлініп, Тайтөбе ауылында футбол алаңқайы бар балалардың ойын алаңы пайдалануға берілді. Басқа бес ойын алаңның құрылысын «KazsSrtroiKz» ЖШС Қосшы қаласында жасап жатыр. Келесі баяндамашы «Орда-Құрылыс А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нұрлан Баязитов қала аумағындағы электр желілерінің жай-күйі туралы есеп берді. – «Орда-Құрылыс А» ЖШС электр қондырғылары мен тарату желісіндегі апаттарды жөндеу және жою бойынша тамыз айының 1-жұлдызынан бастап бүгінгі күнге дейін 27 ақауды қалпына келтірді. Апаттың бәрі электр қондырғылары мен тарату желісінің шамадан тыс тозып кетуіне байланысты орын алған. Сондай-ақ техникалық қызмет көрсетудің жоқтығы және мүлікті орнымен қолданбау себептері де апаттардың туындауына түрткі болған,– дейді Нұрлан Баязитов. – Жиынтық трансформаторлық қосалқы станцияларда 10кВ сөндіргіш құрылғылардың жарамсыздығы, жоғарғы кернеулі сақтандырғыштың жоқтығы, коммутациялық аппараттың ақаулығы тұтынушыға электр қуатын үзбей жеткізіп тұруға кедергі келтіреді. Сондай-ақ10/0,4кВ күштік трансформаторларда май деңгейі төмен түсіп кетсе, әйтпесе трансформатор қақпағы май ұстамайтын болса, ол да жұмыс сапасына көп кері әсерін тигізеді,– деді «Орда-Құрылыс А» ЖШС директоры. Одан бөлек, есігі жоқ, әйтпесе нығыз жабылмайтын жиынтық трансформаторлық қосалқы станциялар да ұшырасады. Кейбірі электр энергиясын есептеу құралдарымен жабдықталмаған. Трансформатордан тартылған кабель желілерінің маркілеуі жоқ немесе Электр жабдықтарын орналастыру ережесіне сай келмейді. Нұрлан Амангелдіұлы коммерциялық есепке алу жүйесінің проблемалары туралы да жіпке тізгендей айтып берді. Ең алдымен, ол ҚР Электр энергиясын пайдалану ережесіне сәйкес болуы тиіс. ВЛ 0,4кВ-дан тұтынушыға берілетін кабель бүтін, бұралмаған, майыспаған, қақпақпен, әйтпесе басқадай көлегелеуші заттармен бастырылмауы керек. Сондай-ақ кейбірінде коммутациялық аппарат болмайды. Есептегіш құралдары дұрыс жалғанбаған, не болмаса ақаулы болуы да жиі ұшырасады. Бұл біз келтіріп отырған мысалдардың бірен-сараны ғана. Техникалық ақаулардан басқа, тұтынушылардың электр энергиясын ұрлау, жеке тұлғалардың желіге бөгде абоненттерді өз беттерінше жалғауы (яғни көршілерін, жақындарын желіге заңсыз қосу), кәріз сорғы жүйесіне көше жарығы мен бағдаршамдарға келісімшарт жасамай қосылу фактілері кездеседі. Кеңес соңында қала әкімі Гайдар Қасенов күн тәртібінде көтерілген мәселелерді нақтылап, пысықтап, жауапты тұлғаларға тиісінше тапсырма берді.

Дәулет АСАУ

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *