Тұрғындардың басым көпшілігі тұрмысын жайлы деп санайды
– Биыл қазандықтар мен жылу желісін жөндеуге бюджеттен 338 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның ішінде үш қазандықтың тозығы жеткен экран құбырлары ауыстырылып, экономайзерлерге жөндеу жасалады. Сондай-ақ қазандықтардың бекіткіш арматуралары алмастырылады. 4 желілік сорғылары жөнделіп, түтін шығатын мұржалар жамалып, жаңартылады. Батареялық циклондар мен қырғышты конвейерлер жөнделеді. Екі дана магнитті қоқыс тазартқыш сүзгі тазаланады. Қазандық цехы мен әкімшілік-тұрмыстық кешенге түбегейлі жөндеу жүргізіледі,– деді Нұрсұлтан Дулатұлы.
– Қаламыз жеделдетіп өсіп келеді, бұл тұтыну көлемін ұлғайта түседі, сондықтан осы жайды ескере отырып, тұрғындарды болашақта жылумен, электр энергиясымен, газбен және сумен қамтамасыз етудің кешенді жоспары қала дамуының Бас жоспарына енгізілген,– деп әкім мәселенің мән-жайын аша түсті.
Келесі баяндамашы Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбай қалада қоғамдық-саяси жағдай тұрақты екенін айта келіп, жыл басынан бері бейбіт митинг өткізуге
6 өтініш келіп түскенін, өтініш берушілермен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Тұрғындардың әлеуметтік-саяси көңіл-күйін зерттеу үшін күн сайын әлеуметтік желілерде мониторинг жасалады. Қала тұрғындарын, әсіресе электр энергиясының жиі өшуі, тариф мәселесі, ауыз су, көше жарықтары, жол құрылысы, қоқыстың уақытылы шығарылмауы сияқты сұрақтар жиі мазалайды екен. Жыл басынан еңбек жанжалы тіркелген жоқ.
– Жыл басынан бері БАҚ-та және әлеуметтік медиада 170 жағымсыз жарияланым шықты. Оның ішінде ең көп көтерілгені – тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына қатысты. Этносаралық қатынастарды нығайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері нақты осы бағытқа арналып 25 іс-шара өткен. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі жұмыс тобының үш отырысы ұйымдастырылып, мұнда бүгінгі күні өзекті болып отырған мәселелер қаралды,– деді Айнагүл Көңбай.
Айнагүл Көңбайдың айтуынша, қаланың мәдениет саласында 36 адам жұмыс істейді. «ArtSport» мемлекеттік шығармашылық тапсырыстарды жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша 10 мекеме тіркеліп, 2 450 бала қатысады. Шығармашылық бағыты бар,ақылы жеке білім беру бойынша 20 орталық қызмет көрсетеді. Мәдениет үйінде 9 үйірме жұмысын жүргізіп жатыр.
Қосшы қаласында 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында 33 250 өнерпаздың қатысуымен 90 іс-шара өткізілген. Қосшылықтар екі жыл қатарынан «Ақмола жұлдыздары» облыстық көркемөнерпаздар байқауынан бас жүлде алып, екі автокөлік иеленді.
Мәдениет үйінің «Алтын перне» этно-фольклорлық ансамблі «Жас жұлдыздар» және «IQ STAR» V республикалық балалар мен жасөспірімдер байқауларында бас жүлде жеңіп алды. Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына, Абылай ханның 310 жылдығына және Ақан Серінің 180 жылдығына арналған «Жас батыр – 2023» облыстық ер балалар байқауында «Қосшы театр» актерлік шеберлік үйірмесінің өнерпаздары: Бахтияр Естияр – бас жүлде, ал Садық Хамза 3 орын иегерлері атанды. Ұлытау облысы, Жәйрем қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, халық әртісі, дарынды әнші Манарбек Ержановтың 122 жылдығы аясында І Республикалық дәстүрлі әншілер байқауында Біржан Айтахмет жүлделі ІІІ орынға және қаржылай сертификатқа ие болды. Көкшетау қаласында өткен Жеңіс күніне арналған «Ұрпаққа ұран болған ұлы Жеңіс» атты облыстық әскери әндер байқауында Әлімхан Дінмұхамед ІІ орынға ие болды. «Ән қанат» балалар хоры Алматы қаласында өткен халықаралық «Күншуақ» фестиваль-байқауында І орынды жеңіп алды. Ұлытау облысы, Жезқазған қаласында Республикалық ХХХІ дәстүрлі «Ұлытау үні» фестивалі аясында өткен ақын, термеші Шынболат Ділдебаевтың шығармашылығына арналған термешілер байқауына Елбол Қуанбек І орынды еншіледі. Бұқар жыраудың 355 жылдығына арналған «Даланың жыр шежіресі» облыстық жыршы-термешілер байқауында термеші, жыршы Айтжан Райымбек ІІ орынды иеленді.
Иә, өткен жыл қосшылық өнерпаздар үшін олжалы болды, көптеген республикалық-облыстық өнер сайыстарының жүлдегерлері атанды. Ал биылғы жылдың өнер табысы одан да асып түсті. Одан бөлек, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсынан облыстан Гран-При алып, Ақмола облысының атынан республикалық деңгейге қатысты. Ақмола облысының тіл жанашыры сыйлығын екі адам иеленді: үздік өлкетанушы Ардаби Мәулетұлы, білім беру саласы бойынша «Балдәурен-Сан» балабақшасының меңгерушісі Гүлжахан Олжабаева, үздік қазақтілді блогер ретінде Сымбат Құрманбаева арнайы алғыс хат алды. Сондай-ақ «Туған жер тарихы» байқауында Ақмырза Аяжан (Тайтөбе мектебі) бірінші орынды иеленді.
Қалалық кітапханада жыл басынан бері 300-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды. Ақын Олжас Қасымның, Айзада Рахымжанованың, алаштанушы Ұшқын Сәдірахманның, профессор Мақсат Алпысбестің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылды. Қалалық кітапхана биыл «Қазақтану» облыстық байқауында бірінші орынды жеңіп алды.
– Қалада биыл алғашқы рет «Жасыл ел» жобасы іске асырылды. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 320,0 мың теңге ақша бөлінді. Еңбек жасағында 12 шілде -12 қыркүйек аралығында жалпы саны 66 адам еңбек етті. Жастар ресурстық орталығының кадрлық әлеуетін күшейту, оның ішінде жұмыскерлердің жалақысын арттыру мақсатында Қосшы қаласында Ақмола облысында бірінші болып Жастар ресурстық орталығының қызметкерлеріне шілде айынан бастап 50 пайыздық жалақы үстемесі қосылды,– деді Ішкі саясат жетекшісі.
– «Халықпен және бизнеспен тиімді коммуникация жүйесін орнату керек. Әр орталық және жергілікті атқарушы органда азаматтармен тікелей және кері байланыс орнату үшін тұрақты алаңдар жұмыс істеуі тиіс. Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек,– дей келе, былай деп жалғастырды. – Мемлекет басшысының аталған тұжырымдамасынан кейін мемлекеттік органдар әлеуметтік желілерде ресми аккаунт ашып және басшылардың жеке байланыс телефондарын жариялау арқылы халықпен жедел кері байланыс орнату жолға қойылды. Мұны халыққа қызмет көрсетудің, жұртшылықпен байланыс орнатудың озық үлгілерінің бірі деуге болады. Бұл атқарушы билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасы айтарлықтай ілгерілегенін көрсетеді. Қоғаммен диалог орнатуға зор үлес қосып келеді,– деді баспасөз хатшысы А. Зұлқажапқызы.
– Өткен жылы әлеуметтік желі арқылы түскен теріс бағыттағы сұрақтарға жауап беру бойынша облыстан жасалған мониторинг нәтижесінде, Қосшы қаласында кері байланысқа шығу 89 % нәтижені көрсетсе, биыл бірде бір сұрақ жауапсыз қалған жоқ. Нәтиже 100 %,– деді баспасөз хатшысы.
– Қосшы қаласына түрлі БАҚ өкілдері де жиі бас сұғады. Себебі, Қосшы облыстық маңызы бар қала! Және қоныстанушылардың саны күн санап артып келеді. Ең алдымен, журналистер тарапынан қойылатын сұрақтар қаланың инфрақұрылымына қатысты. Ондай сәтте, қала әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары тілші тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап береді, – деді А. Зұлқажапқызы.
Дәулет АСАУ
Пікірлер (0)