«Фридом Финанс» «ҚазТАГ»-пен дауды медиация арқылы шешуге дайын
Фотосурет: дереккөз
«Фридом Финанс» АҚ ҚазТАГ халықаралық ақпарат агенттігімен арадағы дауды медиация тәртібімен реттеуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.
Компанияның хабарлауынша, соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте өзіне қатысты шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтер кеңінен талқылануда. Осыған байланысты ұйым өзінің негізгі мақсаты журналистерді жауапкершілікке тарту емес, компанияның іскерлік беделін қорғау екенін атап өтті.
«Фридом Финанс» АҚ мәліметінше, ҚазТАГ-қа жолданған сотқа дейінгі талап-арызда дауды медиация арқылы шешу ұсынылған. Компания қазіргі уақытта да осы ұстанымын сақтап отырғанын жеткізді.
Ұйым медиативтік келісім аясында ҚазТАГ жариялаған бірқатар материалдарды шындыққа сәйкес келмейтін әрі компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін жарияланымдар ретінде тануды, сондай-ақ оларды теріске шығару туралы материал жариялап, аталған жарияланымдарды алып тастауды ұсынған.
Сонымен қатар компания медиативтік келісімде шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таратылғанын және масс-медиа туралы заңнама талаптарының бұзылғанын мойындау жөніндегі тармақтың болуы маңызды шарттардың бірі екенін атап өтті.
«Фридом Финанс» АҚ бұқаралық ақпарат құралдарын ақпараттың дұрыстығы мен объективтілігін сақтауға шақырып, дауды медиация тәртібімен реттеуге дайын екенін тағы да растады.
Пікірлер (0)