Тоқтарәлі Таңжарық. Қасіретті Қаңтар: ескі сүрдектегі «Жаңа Қазақстан»

Саясат
view 2335
news

Фотосурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қаңтар оқиғасы Қазақстан билігіне және тұтас елге берілген зор мүмкіндік еді. Біз содан айырылдық. Әрине, мүмкіндікті билік өз мүддесіне пайдаланды, бірақ халыққа оның игілігін көретін күн алыстап барады. Авторитарлық режимде ескі билікті қаралап, өзінікін дұрыс санау кез келген жаңа биліктің дәстүрлі риторикасы. Қаңтар оқиғасынан бері екі жыл өтсе де, билік Назарбаев жүйесін қаралап, ұпай жинағанымен, сол дәуірдің ескі сүрдегінен айнымай келеді: әділ сайлау өткізген жоқ (Президенттік және Парламенттік сайлаудың қалай өткенін бәріміз білеміз); сот жүйесін биліктің өзі басқарып отыр (сот тәуелсіз болмай, заңның әділ орындалуы мүмкін емес); сөз бостандығы «теңге сауған» блогерлердің қолына өтті (олар барлық тараптың, оппозицияның, биліктің, ақшалы топтың да сөзін сөйлеуге әбден төселді); «162 олигарх» жаңа билікпен ымыраға келіп, «пайдасын бөлісуге» көшті; «Ескі Қазақстанның» экстрактивті экономика институттары қаз-қалпында жұмыс істеп тұр. Сонда не өзгерді? «Әділетті», «жаңа» Қазақстанды қайдан табуға болады? Осы кеткеніміз кеткен бе, әлде қазақтың да ел қатарлы ғұмыр кешуге қақысы бар екенін түсінетін «ақылды бастар» билік кемесін дұрыс бағытқа бұра ма? Бұл сұрақтар туралы ойласаң, қазіргі биліктің «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деген пайымға арқа сүйеген логикасынан түңілесің... 

Кедей болсаң, өзіңе ұқсамайсың...

Қайталап айтайық, Қаңтар қасіретті болса да, мүмкіндік еді. 238 бейбақтың қанымен келген мүмкіндік еді. Шын мәнінде фундаментальды саяси өзгеріс жасайтын, экономиканы монополиялық құрсаудан босатып, жалпы халықтық игілікке бейімдейтін мүмкіндік еді. Билік сол мүмкіндікті «супер президенттік» құрылым құруға пайдаланды. Басқаша айтқанда, мүмкіндікті саяси өзгеріс жасауға емес, жүйені одан ары күшейтіп, бір орталыққа шоғырландыруға жұмсады. Неге олай істеді?

Мұның себебін Африка елдерінің супердиктаторларының өмірбаянын оқысаңыз, анық түсінесіз. 1960-70 жылдары бірінен соң бірі тәуелсіздік алған мемлекеттер өз халқын отарлаушылардан ары тонады. Отарлаушылардың қарапайым «құлдары» өзі секілді, бірақ отарлаушы элитаға жақын «құлдардың» құлдарына айналды. Африка елдерінің басым бөлігі Еуропа елдерінің бұғауынан құтылғанымен, жемқор диктаторлардың тырнағына тұтылды. Тіпті жаңа диктаторлар отарлаушылар құрған орнықты болмаса да өз жүйесі бар экономикалық институттарды қиратып, тек өзінің айналасы мен туған-туысқандарын байытумен, оларға шексіз мүмкіндік берумен айналысты. Көздегендері қалайда билікте ұзақ отыру, өзіне қарсы шығар жан біткенді қалдырмау болды. Қара құрлықтағы бірінен бірі асып түскен қатал режим әлі де жалғасып келеді. Керек болса, олар өз халқын құлдықта ұстау үшін һәм өзінің билігін сақтау үшін отарлаушылар салған инфрақұрылымдарды талқандап, мектептер мен емханаларды сатып, өз халқын түнекке батырудан да тайынған жоқ (біз нақты мысал келтірмедік, іздеген адам болса, адам айтса нанғысыз талай істі интернеттен-ақ оқи алады).

Қазақстан ондай жолды таңдаған жоқ... дейсіз ғой. Әрине, олардан бөлек, бірақ Қазақстан өзінің «нұрлы жолын» таңдады.

Жақсы болсын, жаман болсын, бізге Совет одағынан белгілі дәрежеде индустриясы өркендеген қоғам қалды. Жеңіл өнеркәсіп пен іргелі кәсіпорындарды негіз еткен жүздеген зауыт-фабрикалар мен өндіріс ошақтары болды. Бұл инфрақұрылымдар мен өндіріс ошақтары өткен ғасырда қазақтың қанымен қаланған «мұра» еді. Сондай қоғамды зорлықпен орнатқан совет одағы қазаққа не істемеді? Миллиондаған халық аштықтан қырылды, қуғын-сүргінге ұшырады, шетел асты, өз жерінде құлдық кеп киді, мәңгүрттенді, тілінен, ділінен баз кешті... Енді тым құрыса, азат таңда, тәуелсіз елде сондай зобалаңмен келген иундустриялы әлеуеттің аз да болса қызығын көруге тиіс едік қой... 

Жоқ, өйтпедік. Өнеркәсіп ошақтарының көбін талқандап, темір-терсекке айналдырып, шетел асырдық. Себеп: «капиталистік жүйеге, нарықтық экономикаға» бейім болмады. Бұл – биліктің жауабы. Ал шын мәнінде білікті, арлырақ басшы болғанда, сол зауыт-фабрикаларды модернизациялап, заманға бейімдеп сақтап қалуға болар еді. Мысалы, Қордайдағы тері өңдейтін, Алматыдағы аяқкиім тігетін фабриканы айтайықшы. Бұл екі фабрика мен «нарықтық» экономиканың үйлеспейтіндей ештеңесі жоқ еді. 90 жылдардың орта шенінде жұрттың жалаңаяқ қала жаздағаны шындық қой. Миллиондаған малын етке арзан бағада өткізіп, совхоздар мен колхоздарды «түгімен жұтқандар» сол малдың терісін саудаласа да әжептәуір тірлік істер еді. Адамға тамақ қандай қажет болса, аяқкиім де сондай қажет еді ғой. Енді ондай өндіріс ошақтарын құру үшін қаншама жылдар кетеді. Миллиардтаған қаржы, технология, инфрақұрылым керек. Жаңа зауыт салудың, оны іске қосып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтудың қандай михнат екенін көзбен көріп отырмыз. Жалған статистикаға сүйенген авторитар режим «үдемелі индустриалды-инновацияны» қалай жүзеге асырғанын баршамыз білеміз. Назарбаев тұсауын кесіп іске қосқан жүзге жуық зауыт-фабрикалар қазір қайда? Көбі «ақсүйектердің» кезекті жемқорлық схемасы ғана болған жоқ па? Қолымыздан жаңа индустрия құру келмейді екен, бұрынғы өндіріс ошақтарын неге сақтамадық?

Жауап біреу – Назарбаев та тура африкалық басшылар секілді ойлады: өзінің билігін күшейту үшін бар байлықты жанындағылармен бөлісуге келісті, олардың ұрлауына, тонауына жол берді. Қазақстанның асты-үсті байлығын, зауыт-фабрикасын, ауылшаруашылық секторын күйретіп немесе сыбайластарына үлестіріп, тек аздаған топты байытуға мүдделілік танытты. Назарбаевтың өзі бір сөзінде «кез келгеніңді қолыңнан жетектеп апарып түрмеге отырғыза алам» демеп пе еді?  Ол шынында да солай істей алар еді (өзіне жақпағандарды, сөзіне көнбегендерді түрмеге жауып, тұқыртып, тіпті ажалға байлады да). Өйткені, олардың ел байлығын ұрлауына, тонауына, жегідей жеуіне орай тудырған бірегей схеманың төл авторы Назарбаевтың өзі еді. Мемлекетін тонаудың әлемде неше жүздеген тәсілі бар. Халықтың ырысын төгіп, жеке басына жұмсайтындардың қулығына құрық бойламайды. Олар өз халқының белгілі бір тобын ғана байыта отырып, өзінің үстемдігін сақтауға ұмтылады. Сол істерін «елдің ертеңі үшін» деген ұранмен бастап, сол ұранмен аяқтайды. Авторитарлы жүйенің басындағылар «кедей болса өзіне ұқсамайтынын» өте жақсы біледі. «Демократиялық елде байлар билікке келеді, авторитарлық елде бай болуды көздегендер билікке келеді» деген сөз дәл айтылған. «Ескі Қазақстан» өз көздегенін мүлтіксіз орындады. Олар үшін халқының болашағынан гөрі, айналасындағылардың үстем болғаны маңызды болды. Біз бұл жерде жекешелендіруге кінә артпақ емеспіз. Жекеменшік – нарықтық экономиканың басты тірегі. Азаматтың жеке мүлкін, бизнесін, байлығын заңы бекем елдер барынша қорғайды. Біздің елдегі жекешелендіру – заңсыздықтың, әділетсіздіктің көркем үлгісі іспетті. Қолда барды ұқсатуға емес, оны бүлдіруге биліктегі тұтас құрылым жұмыла кірісті. Кімнің қолында билігі бар, кім күшті, кім қу, солар советтік Қазақстанның барлық байлығын меншіктеп, қараша халыққа аз жылдың ішінде қожайын болып шыға келді. Олар өздерінің бұрынғы жүйенің «құлы» екендерін ұмытып, ақсүйек әулетпіз деп ойлады. Тура Африкадағы сияқты бәрінен үстем тап өкілдері қалыптасты. «162 олигарх» – экс-президент Назарбаев қалыптастырған аз шоғыр ғана. Олар жайлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірінші Президент – Елбасы тұсында Елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша да өте бай адамдар пайда болды» деп Қаңтардан кейінгі жиында өзі де айтқан болатын. Соларға жетсем деген пиғылмен жетілген қаншама «ақсүйек» бар. Олар суперэлитаға кіре алмағаны үшін Назарбаевқа өкпелі болуы да мүмкін. Парадокс. Енді сол «өкпелі» топтың дәуірі келгендей...

Жекеменшікті қорғамау – мемлекеттің мемлекетсіздігінің белгісі. Қаңтардан кейін өзінің өндірісінен, кәсібінен, қыруар қаржысынан айырылған қаншама адам зарын айтып, мұңын шаға бастады. Қайрат Сатыбалды мен оның әйелінің өзі талай кәсіпкерді қан қақсатқанын естіп отырмыз. «Жаңа Қазақстан» ондай безбүйректіктен ада болса дейсің. Бірақ жаңа кәрімдер, жаңа қайраттар, жаңа болаттар шығып жатқанын да естіп қалып жүрміз. Бұрынғы дөкейлер «крышовать» еткендерді енді «жаңа» Қазақстанның суперэлиталары өз қарамағына алып, сөзіне көнбегендерін «айдауға» сала бастағанын ел көп айтып жүр...

Оны істеп отырғандар бұрынғы суперэлита өкілдеріне ене алмағандар дейді. Кезінде қауқары жетпегендіктен «Назарбаевқа өкпелі» болғандар, енді «кек алуға» жапырыла кіріскен болуы да мүмкін. Мүмкін емес, солай. Жүйе өзгермеген, әделетті қоғам орнамаған, заң үстемдік құрмаған, сот тәуелсіз болмаған елде, басқаша болмайды. «Ескінің» орнын «жаңа» басады. Біздің «жаңа» деп отырғанымыз бұрынғы «ескі». Еш айырмашылық жоқ. Олигополия үрдісінің жаңа кезеңі басталғанын ғана байқауға болады. Бұрынғы олигархтардың мұрты да қисайған жоқ, тек «жаңа» билікпен келісті немесе олармен байлығын бөлісуге көнді. Егер келіспеген болса, Назарбаев айтқандай кез келгенін қолынан жетектеп апарып, түрмеге тығар еді. Керісінше, Құлыбаевтар мен Ким-Нилердің байлығы Қаңтардан кейін тіпті де еселеніп, «Форбс» тізімінде жыл сайын өрлеп барады. Осының бәрін көріп отырып, «әділетті Қазақстанның» дәрменсіздігін емес, ескі сүрдектен шыққысы келмейтін, өз басын ғана күйттейтін шоғырдың қолына өткенін бажайлайсың.

«Кішкентай назарбаевтар» және сорға айналған байлық

Қасіретті Қаңтар – елдің ең үлкен трагедиясы. Бірақ одан да өткен трагедия бар, ол – бүгінгі биліктің сол оқиғаны қарапайым жұрттың үрейін ұшыратын көзір ретінде пайдалануы. Билік басындағылар әлікүнге дейін Қаңтардың ақ-қарасын ашып, халыққа нақты картасын көрсеткен жоқ. Қалай басталды, қалай өрбіді, халық неге әкімдіктерге лап қойып, өртеді – себеп-салдарын толық анықтап, түсіндірген жоқ. Сол үшін де бүгінгі билікке сенімнен гөрі күдік басым. «Әлдебіреу ұйымдастырғанға» саятын жел сөзден құлақ тұнады: ұйымдастырған Кәрім Мәсімов пе, Қайрат Сатыбалды ма, жоқ, Назарбаевтың өзі ме? Бұл сұраққа ешкім мандытып жауап бермейді. Керісінше, Қаңтар кезінде оққа ұшқандарды кінәлау басым; оқиғаның шындығын талап еткендерді қудалау жүйелі түрде жүріп жатыр; Қаңтар қасіретін пайдаланып, билік өзінің болашақ оппоненттерін тұсаулау үрдісін пәрменді жүргізіп отыр. Егер зер салып қарар болсақ, әл-әзір қазіргі билікке «оппонент» дейтіндей ешкім жоқ (оппозицияны әлдеқашан Назарбаев тұншықтырған), өз көлеңкесінен қорқатын жүйе (авторитарлардың бәрі өзінің айналасынан сескенеді, өйткені, өзінің билікке қалай келгенін жақсы біледі) Думан Мұхамедкәрім мен Айгерім Тілеужан, әлемге танымал желаяқ Марат Жыланбаев, саясаткер Жанболат Мамай секілді сөз жүзінде емес, іс жүзінде әділетті қоғам құруды аңсайтындарды қуғындап, түрмеге жабады. Қазір Қазақстанда саяси себеппен сотталғандардың саны Назарбаев кезеңінен әлдеқайда көп екенін құқық қорғаушылар айтып-ақ келеді. Бұндай сәтте «күшті Президент» көз жұма қарайды, «ықпалды Парламент» үнсіз қалады, «есеп беретін Үкімет» күштік құрылымдардың қауқарына сенеді. Неге? Өйткені, Назарбаев кеткенмен, назарбаевтық жүйе сол күйі билікте отыр, мыңдаған «кішкене назарбаевтар» билік тармағының әр саласын шеңгелдеп алған. 

Қаңтардан кейін саяси реформа болатынын Президенттің өзі айтты. Бірақ ештеңе өзгермегенін, ешқандай саяси реформа болмағанын барша халық сезіп отыр. Экономиканы модернизациялай алмайтынын білген билік саяси реформаны да қарқ қылмайтынын түсінсе керек. «Әуелі экономика, сосын саясат» ұстанымының екеуі де ертегі болып еді, «Жаңа Қазақстан» өкілдері саясатты да, экономиканы да реформалай алмайтынын, оған талпыныс жасау үшін айрықша ерік-жігер керектігін іштері сезетіндей. Ондай ерік-жігер болмағандықтан да, «косметикалық реформа» жасаумен шектелуге мәжбүр.. Анығы, саяси реформа жүйелі жүрмей, ешқашан да экономика тұрақты дамымайды. Аздаған көрсеткіш, уақытша даму, ЖІӨ-нің бірер жылдық өсімі Сомалиде де, Конгода да болады. Назарбаевтың кезінде де болды. Бұл даланың асты-үстіндегі қисапсыз байлықтың жөн-жосықсыз игерілуінен туған «көбік қаржының» арқасы болатын. Жемқорлыққа белшесінен батқан, әділеттілікті әлімжеттікпен шатастырған, жеке адамның құқын таптап, тек ықпалды топтың мүддесін қорғайтын, соты басқарылмалы, заңы лоббистердің ықпалымен жазылатын елде қисапсыз  байлық халықтың бақытына емес, сорына айналады. Оған әлемде мысал көп.

Біздің билік түбегейлі саяси реформаны неге жасамайды дейсіз ғой. Өйткені, біз авторитарлық режимге бас ұрған елміз. Авторитарлық режимді қалайтындар саясатты – макиавеллилік қулық деп ойлайды, ал өркениетті қоғам құрушылар саясатты әділетті қоғам құрудың құралы деп түсінеді. «Супер Президент» ұғымы – біздің жүйедегі авторитарлық режимнің негізі. Билік орталықтандырылса, президенттің «суперлігін» шектейтін тетік болмаса, Парламент қуыршақ қалпынан өзгермесе, биліктегі идеологтар қаншалықты көреген болса да, саяси реформа жасай алмайды.

Қаңтар оқиғасы – соның дәлелі. Оны кімнің ұйымдастырғанын дәл қазір кесіп айту қиын (биліктің шын жағдайды жасыруы әлдебір абсурд жайттың болғанын айғақтайтындай). Тіпті, дәл осы шақта оның маңызы да шамалы. Себебі, Қаңтар биліктегі кландардың бір-бірінен есе қайтару құралына айналып үлгерді. Тәуелсіз сот жоқ елде, шынайы әділетті тергеудің болуы мүмкін емес. Күні кеше елді тонап байығандар, сот жүйесін қолшоқпары етіп үйренгендердің өзі әділ соттың болмайтынын сезгендіктен, қазіргі билікпен тезірек ымыраға келуге тырысады. «Боранбаев пәленше миллиардты мемлекетке қайтарды», «Сатыбалды түгенше миллиардты ел қазынасына құйды» дейтін абсурдтық ақпараттардың өзінен-ақ біздің «жаңа» билік сотсыз-ақ тартып ала алатынын көрсетіп берген жоқ па. Олардың кінәсіз екендеріне ешкім де сенбейді, біздің жүйеде адал жолмен миллиардер болу мүмкіндігі нөлге тең, алайда әділ сот болса, «кінәсіз» екендіктерін дәлелдеуге де мүмкіндік берілуі керек еді ғой. Асылы, олар сол байлықты қайдан алды, одан кімдер жапа шекті, мемлекетке қандай зиян келді – соның бәрін сот арқылы анықтап, заңды жолмен алуы керек еді. Біздің жүйе өйткен жоқ, сот болмай жатып, «мемлекетке қайтара» бастады. Сонда мемлекеттік машина рейдерлікпен айналысып отыр ма деген заңды сұрақ туады. Тергеу жүріп жатқан кезде байлығын «құса» бастағандар аз жылға сотталып, тіпті кейбірі мерзімінен бұрын босап та үлгерді. Мемлекеттен миллиардтаған қаржыны тонағандар «мемлекеттік келісім» арқылы жазадан құтылып, өзінде қалған миллиардтарымен шат-шадыман ғұмыр кешіп жатыр. Абсурдстан демей, не дейсіз?! Біздегі соттың «шын өкінді» дейтін ғажап сөзі бар. Ал сол дөкейлерден зәбір көргендердің, бар мүкәмалынан пәленбай жыл бұрын айырылғандардың моральдық шығыны мен рухани азабын, хақын кім өтейді? Олардан бұлардың жаны артық па еді?..

Қаңтар қасіреті – жеке пайымымызша, ашкөздіктен ашынған, кедейліктен шаршаған, әділетсіздіктен запы болған қарапайым қазақстандықтардың талай жыл бойы жиналған запыраны. Осынша бай елдің сормаңдай жұрты мен шормаңдай тұрғындарының лықсыған өксігі. Оны екі жыл бойы «қаңтарды ұйымдастырған топ ұсталды, олардан заңсыз қару табылды» деген сарындағы ақпараттардан анық байқауға болады. Тобымен сотталғандар мен тобымен ұсталғандардың дені қарапайым адамдар.

Назарбаев жүйесінің көбесі сетінеп, істен шыға бастағаны 2019 жылы Астанада өртке оранған бүлдіршіндерден кейінгі оқиғалар тізбегінде анық байқалды Әккі авторитар билігін ізбасарына өткізіп берді де, орнын босатты. Бірақ билік тұтқасын сырттай ұстап отырды. «Қос билік» қосанжарлана шаба алмай, біріне бірі кедергі келтіре бастағанда, ел жағдайы одан сайын қиындады, ақыры Қаңтар оқиғасы бұрқ етті. Қызығын кім көрді?.. Біріншінің қолындағы бар билікті Екіншіге алып берді. Демек, бүгінгі жүйе Қаңтар оқиғасына қарыздар. Билік олардың алдындағы парызын өтеуі, жазықсыз қайтыс болғандардан кешірім сұрап, енді мұндай оқиғалар болмауы үшін қам-қарекет жасауы керек еді. Ондай ерлік кімнің қолынан келеді?..

Қаңтар қазаққа берілген зор мүмкіндік еді дедік қой басында. Ол мүмкіндікті желге ұшырдық. Шындығында, желге ұшырды... Бірақ мүмкіндік ешқашан ең соңғы болмайды. Мүмкіндіктің келесісі болады... 

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *