Кәрім Мәсімовтің самурай қылышы аукционда сатылып кетті
Фото: e-qazyna.kz
4 қараша күні электрондық сауда алаңына жалпы құны 520 миллион теңгеден асатын 42 тәркіленген сән-салтанат бұйымы шығарылды, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекетке қайтарылған сәндік бұйымдар сатылымда
Қайтарылған активтерді басқару компаниясы (ҚУВА) мемлекет меншігіне өткен сирек кездесетін сағаттар мен әлемдік брендтердің зергерлік бұйымдарын, сондай-ақ эксклюзивті аксессуарларды аукционға қойды.
Лоттар қатарында Patek Philippe, Franck Muller, Harry Winston сағаттары, Van Cleef & Arpels, DE BEERS, Yana Jewellery зергерлік әшекейлері және өзге де люкс санатындағы бұйымдар бар.
Бұған қоса, саудаға төрт ерекше лот ұсынылды — коллекциялық монеталар, қылыш және ұлттық өрнегі бар белдік. Құжаттарға сәйкес, бұл заттар сотталған бұрынғы ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің особнягіне ұқсайтын үйден тәркіленген.
Не сатылды
42 лоттың ішінде тек бір ғана бұйымға сатып алушы табылды — қынабындағы самурай қылышы 542 719 теңгеге сатылды. Қылыш болаттан жасалған, қыны қара түсті материалдан, ал сабы бедерлі геометриялық өрнекпен безендірілген.
Айта кетерлігі, дәл осындай қылыш Мәсімовтің үйінен алынған заттар тізімінде де көрсетілген.
Не сатылмады
Ең бағалы лоттар жаңа иелерін таппады. Олардың ішінде:
Ulysse Nardin Classic 789-80 платина сағаты – 150 млн теңге. Циферблатында авантюриннен жасалған алтын жауынгерлер бейнеленген, олар сағат соққан сайын қозғалады. Бұл модельдің әлемде небары 30 данасы бар. Бірі – қазақстандық азаматқа тиесілі болған. ҚУВА бұл сағатты 2024 жылдың қазанынан бері сата алмай келеді: бастапқы бағасы 214 млн теңге болған.
Сонымен қатар сұраныс таппаған басқа бұйымдар да бар:
DE BEERS гауһар сырғалары (әрқайсысы 6 караттан) – 110 млн теңге;
Гауһар тастармен зергерлік жиынтық – 59 млн теңге;
Van Cleef & Arpels 16,9 карат гауһар тасты алқасы – 38 млн теңге;
Bovet Fleurier Grand Complications қалта сағаты (ақ алтын) – 20 млн теңге;
Harry Winston Ocean Tourbillon білезік сағаты – 10 млн теңге.
Тендерлер өтпей қалды, себебі бірде-бір қатысушыдан өтінім түспеген.
Еске салсақ, бұған дейін Мәсімовтің сенімді адамы Дубайда миллиардтық пәтер иесі болғанын жазған болатынбыз.
Пікірлер (0)