Ауыл шаруашылығы министрі еттің бағасына қатысты пікір білдірді
Фото: atr.kz
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында Астанада ет бағасы қанша теңгеден сатылып жатқанын айтты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Министр не деді
Ет бағасы туралы осыған дейін де айттық. Сыртқы нарықта сұраныс артып, іште баға біраз көтерілді. Қазір тұрақтанып қалды. Бүгін таңдағы статистика бойынша 1 килограмм еттің орташа бағасы 3 249 теңге болып тұр. Кеше дүкендер мен базарларға мамандарды жібергем. Қолымда тіпті суреттері де бар. 3500-3600 теңгеден сатылып жатыр. Иә, кей жерде 4300-5000 теңгеден де сатып тұр. Бірақ бұл «премиум-санатқа» жататын, сүйексіз сылып алып сататын ет. Жалпы орташа баға тұрақты. Әзірге осы деңгейде сақталады, - деді ол.
Келер жылға болжам қандай
Министр келер жылға болжам айтудан тартынғанымен, қазіргі деңгейді сақтауға толық мүмкіндік бар екенін жеткізді.
Келесі жылға алдын ала болжам жасамай-ақ қояйық. Осы деңгейде сақтауға тырысамыз. Өйткені тірі малды сыртқа шығаруға тыйым салғанбыз. Еттің өзін лимитпен квота арқылы шығарып отырмыз. Сондықтан мәселе туындамауы керек, - деді Айдарбек Сапаров.
Еске салсақ, Ауыл шаруашылығы саласының маманы, экономика ғылымдарының докторы Төлеутай Рақымбеков Қазақстанда ет бағасы таяу уақытта келісіне 15-20 мың теңгеге дейін шарықтауы мүмкін екенін мәлімдеген болатын.
Пікірлер (0)