Қасиетті Құрбан айт
Жаңалықтар
657
Құрбан айт – айтулы мереке. Осы айтулы мерекенің қарсаңында Қосшы қалалық "Бөгенбай батыр" мешітінің имамы Керумбаев Төлеген Арғынбайұлымен сұхбаттасып көрдік.
– Құрбан айт қандай мереке?
– Күллі мұсылман қауымы үшін қастерлі екі мейрамның ұлығы - Құрбан айт! Құрбан айт – рухани тазалықты, ізгілікті, адалдық пен терең сенімді ұлықтайтын, жақындарына қайырымдылық пен қамқорлық танытуға шақыратын мереке. Мерекенің ұлықтығы – үш күн айтта адам баласы өз Жаратушысына барынша жақындауға мүмкіндік алады. Өйткені, «құрбан» сөзі де араб тілінен аударғанда, «жақын болу», «жақындау» мағынасын білдіреді. Ендеше, осынау мерекені - құрбандық шалумен бірге, Алланың рақым-мейіріміне қол жеткізудің бір жолы деп түсінген абзал. Биылғы Құрбан айт - маусымның 28-іне дөп келіп, бұл күн елімізде мерекелік демалыс ретінде белгіленген. Өзін мұсылман санайтын жандар үшін маңызы зор мереке саналатын Құрбан айтты дұрыс атап өтудің жөн-жосығына да тоқтала кетсек. Жалпы ислам дініндегі мейрамдардың барлығы мұсылман қауымын ғана емес, сонымен бірге адамзаттың дүйім жұртын татулық пен бірлікке, сыйластық пен ауызбірлікке, кешірімге шақыратыны белгілі. Олай болса, Құрбан айт мерекесі де адамдардың бірі-біріне ізгі ниеттер тілеп, бір-бірінің көңіл күйін көтеріп, ренжітіп алған кездері болса кешірім жасасатын күн. Қасиетті Құран Кәрім және Ислам тарихы бойынша бұл мереке мен оның шежіресі сонау адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) ата және дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһим (ғ.с.) мен оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлармен тығыз байланысты.
Жоғарыда айтқанымыздай, араб тілінде «жақындау», яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу деген мағынаны білдірсе, шариғаттағы мағынасы - «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Бұдан бөлек, хадистерде жылдың ең қадірлі күні Құрбан айттың алғашқы күні екендігі айтылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жайында: «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан (құрбандық шалу) басқа абзал амал арқылы Алла Тағалаға жақын болған емес. Құрбандық ретінде шалған малы қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай тұрып Алла Тағаланың құзырында ерекше жоғары дәрежеге жетеді. Сондықтан да шын жүректен әрі ризашылықпен құрбандарыңды шалыңдар», - деген екен.
Құрбан айт мерекесін игі мұсылман Айт намазымен қарсы алады. Бұл үшін айттың алғашқы күні ерте тұрып, ғұсыл құйынғаннан (денені толықтай жуу) кейін, әдемі таза киімдерін киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке айт намазына барады. Айт намазы оқылғаннан кейін Алла разылығы үшін мал шалынып, көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын!» айтысады. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл күйде, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып, айт күндері татуласқан жөн. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, арнайы бас сұғу, жетім-жесір, мұң-мұқтаждарға қол ұшын беріп, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, отбасындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сияпат жасап, айт мейрамын ерекше өткізуге де болады.
– Құрбандық қалай шалынады?
– Құрбандық деп Құрбан айт күндерінде ғибадат ниетімен шалынатын малды айтады. Құрбан айт күндері (айттың үш күні) шалынатын мал «ұдһия» деп аталады. Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
– Құрбандық шалынатын малдың ерекшеліктері?
– Біршама ерекшеліктері бар:
- Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркек-ұрғашысы бірдей) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді және тағы басқа да аң-құстар құрбандыққа жарамсыз.
- Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса ол құрбандыққа жарамды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толған болуы қажет.
- Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек.
- Малдың бойында малды құрбандыққа жарамсыз ететін кемшіліктер болмауы тиіс. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбейтін, үйірге қосуға жарамайтындай асау немесе ауру екендігі анық белгілі болса.
Пікірлер (0)