Кезінде елді дүр сілкіндірген адамжегіш Николай Жұмағалиев түрмеге қамалмаған
Сурет: Ашық дереккөзден
Бір кездері күллі елді дүр сілкіндірген, адам жегіш деген атақ алған Николай Жұмағалиев бүгінде түрмеде емес. Ол Алматы облысы, Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханада ем алып жатыр. Бұл жайында Instagram желісінде журналист Асмира Ермекқызы жазды. Ол кезінде осы ауруханада 14 жыл бойы маньяктармен жұмыс істеген психолог Ақмарал Шегентайқызымен сұхбаттасқанын еске алады.
Николай Жұмағалиев алғашқы қылмысын 1978 жылы жасаған. Жұмыстан қайтып келе жатқан жас келіншектің соңынан түсіп, оны өлтіріп, қанын ішкен. Тіпті мәйітпен жыныстық қатынасқа түсіп, жамбастың етін үйіне алып кетіп, одан тамақ әзірлеп жегені туралы деректер бар.
Ресми деректерде оның құрбандары 57 қыз деп көрсетілгенімен, мамандар шын мәнінде одан да көп болуы мүмкін екенін айтады.
Психологтардың айтуынша, мұндай адамдар Қазақстан заңнамасы бойынша сотталмайды, тек республикалық психиатриялық ауруханаға жатқызылады. Себебі, олардың психикалық ауытқуы бар деп есептеледі.
«Жұмағалиев – біздің ең тәртіпті ем алушымыз. Психоэмоционалды күйі тұрақты, көп сөйлемейді», – дейді психологтар.
Мамандар шизофрениямен ауыратын адамдарды тану қиын екенін айтады. Бұл дерттің ерекшелігі — науқас өте қалыпты көрінуі мүмкін. Жұмағалиевтің өзі де алғашында психикалық ауру деп танылмаған. Тергеу сұрақтарына өте нақты, орынды жауап беріп отырған.
Шизофрениямен ауыратын кей науқастарда «мен қоғамды зұлымдықтан тазартып жүрмін» деген фиксациялық идея пайда болады. Жұмағалиев те қыздарға шабуылдағанын дәл осылай ақтаған. Ресейлік психиатрлар жүргізген сараптама оның шизофреник екенін нақтылаған.
Ол жасаған қылмыстарды мойындамаған, және өткен оқиғалар туралы ешкімге ештеңе айтпаған. «Мен жалған құжатпен қамалдым» деп есептейді.
Қазір 73 жастағы Жұмағалиев Ақтастағы ауруханада күнделік жазумен айналысады. Алайда оның не жазып жүргенін ешкім білмейді — күнделікті ешкім оқымаған. «Бостандыққа шыққанда кітабын жарыққа шығарғысы келеді екен» деген де қауесет бар.
Пікірлер (0)