«Күзет қарауылда тұр»: Сара Алпысқызының денсаулығы туралы соңғы дерек шықты
Сурет: Ашық дереккөзден
Аурухана науқастары Сара Назарбаеваны мекеме ішінде көргендерін растады.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жары — Сара Алпысқызы қазіргі уақытта Алматыдағы ауруханалардың бірінде емделіп жатыр, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат порталы Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Медициналық мекеме ғимаратының сыртында күзет қарауылда тұр. Ал түсірілімге тыйым салынған. Аурухана науқастары Сара Назарбаеваны мекеме ішінде көргендерін растады.
Orda.kz ҚР Президенті Іс басқармасының медициналық орталығына қарасты госпитальдің баспасөз хатшысы Елена Коэмецке қоңырау шалды. Алайда нақты ақпарат ала алмады:
«Қазір бізде ешқандай ақпарат жоқ. Өзіміз де күтіп отырмыз», — деп жауап берді баспасөз хатшысы.
Редакция дереккөздерінің айтуынша, оның сырқаты жасына байланысты болуы мүмкін, бірақ нақты диагнозы белгісіз.
Қазақстандағы балалар үйлері түлектері қауымдастығының президенті, Сара Алпысқызымен таныс Рафаэль Гасанов оның қасында жақындарының бар екенін айтты:
«Біз оның айналасындағы адамдарға хабарласып, сәлемімізді жолдап, тезірек сауығып кетуін тіледік. Сара Алпысқызы бәрімізді жақсы таниды», — деді ол.
Рафаэль Гасанов — Сара Назарбаева негізін қалаған SOS балалар ауылдарының түлегі. Ол оның балаларға көрсеткен қамқорлығын ерекше ықыласпен еске алады:
«Ол жиі келіп тұратын, сыйлық әкелетін, рухани-адамгершілік құндылықтар жайында айтатын, өмірді сүюге үйрететін. Біз оны «анамыз» деп атайтынбыз. Ол үлгі бола білді. Шенеуніктердің өзі оған ерекше құрметпен қарайды. Ол Қазақстандағы бала құқықтарын қорғау жүйесінің негізін қалаушылардың бірі. Біз бұл есімді әрдайым құрметтеуіміз керек».
Гасановтың айтуынша, Сара Алпысқызы бұрынғы тәрбиеленушілерімен байланысын үзген жоқ. Жақында ғана ол Рафаэльге кітаптар сыйлап, қоғамдық жұмысында табыс тіледі.
Қазір Сара Назарбаеваның қасында қыздары мен ең жақын адамдары бар. Жақындары оның тезірек сауығып кетуіне үміт артып, барша жұртты сабырға шақырды.
Пікірлер (0)