«Мәселе бір-ақ күнде шешіледі»: хиджаб киген блогер 1000 теңгеге дұға сатып жүр
Фотосурет: дереккөз
Желіде қазақстандық блогер «қасиетті дұға» сатып жатыр. Дәл қазір Меккеде жүргенін айтқан Аякөз Асқарова бұл дұғаның өз мәселесін шешуге көмектескенін айтқан, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Еуразия бірінші арнасындағы QosLike шоуының қатысушысы Аякөз Асқарова «қасиетті дұғаның» өзіне көмектескенін айтып, саудаға салды.

Бір күні Алланың қалауымен дұғаны көріп, оқимын. Ол дұғаның тарихын, құдіреттілігін білемін. Бір күн бойы қағбаны айналып жүріп, тоқтамай айттым. Ойлаңызшы, мені сонша күйдірген мәселе бір-ақ күнде шешіледі ғой. Сонша үлкен көрінген мәселенің шешімі бір-ақ дұға екен. Көптеген оқырман мен оқып жүрген дұғаны айтып жұр. Олар да рахатын көріп, алғысын айтып жатыр. Бірінші Алла, ал мен жай ғана ортада себепкермін. Бізге де осы дұғаны айтыңызшы, топқа тіркелгім келеді деген адамдар үшін 24 сағатқа қолжетімді етемін, – дейді блогер.
Сондай-ақ ол дұғаны сатып жатқанын сынға алғандарға жауап берді.

Дұғаны алмай-ақ қойсаңыздар да болады. Сіздерді ешкім қинап жатқан жоқ. Дұғаны адам жай айтпайды. Оның да өзінің айту тәсілдері бар. Дұғаны беріп қоя салмаймын. Оны қалай айтады, қай уақытта айтады, қалай айтқан дұрыс? Соның бәрін толықтай түсіндіріп беремін. Маған дұғаны беріңіз дейтіндер бар. Бағасы 1000 теңге десем, «сен кімсің, Құрандағы тегін нәрсені сататын?» деп айтады. Ондай адамдарға «Құранды қолға алып, өзіңіз оқып алыңыз. Өзіңіз оқуға ерінесіз. Ал оқыған адам дайын дүниені алып берейін десе, 1000 теңгеңізді қимайсыз» деймін, – деп отыр блогер.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан мән-жайды сұрап білген. Мүфтият мәліметінше, дұғаны сату немесе сатып алу шариғатқа қайшы.

Дұға – пенде мен Жаратушы арасындағы рухани байланыс. Ол ешқашан саудаға салынбайды. Дұғаны сатып алу немесе сату – шариғатқа қайшы. Мұндай әрекеттер халықты шатастырып, дініміздің асыл құндылықтарын коммерцияға айналдырады. Әрбір мұсылман дұғаны ықыласпен өзі жасай алады, бұл үшін ақша төлеудің еш қажеттілігі жоқ, – деп жауап берді мүфтият.
Желі қолданушылары блогердің дінді кәсіпке айналдырып алғанын айтып, сынға алды.

Бәсе, неге Аллаға жақындап қалды деп едім», «Қатты данышпан болғанынан қорқып едім. Осындай бірдеңе бар ғой. Әйтеуір бір жолмен ақша табу керек екен адамдарға», «Қыздар, ешқандай адамнан дұға сұрау әдебі, дұға сұрау курсы, тахаджуд намаз дегенді алудың қажет жоқ. Қабыл болуы, иә болмауы бұл кісілердің қолында емес. Ал мұндай курс сатып жүрген санасыздарға сана берсін», «Дұғаны сатып жатсаң, мәселең әлі шешілмеген сияқты ғой», «Мұндай әрекеттер – дінді қорлау, заңмен қудалануға тиіс», «Осының дұғасын сатып алатындар бар ғой. Сендер бұдан өткен қу болыңдар. «Сұраған дұғам бір күн ішінде қабыл болмаса, ақшамызды екі есе қайтарып бересің» деп айтыңдар, – деп жазды көпшілік.
Пікірлер (0)