Бестөбеде «Таза Қазақстан» аясында ауқымды экологиялық акция өтті
Фотосурет: janabastau.kz
Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Акция аясында 500-ге жуық адам бірігіп, туған жерді көркейтуге үлес қосты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ауыл көшелерін тазартуға мемлекеттік қызметкерлер, «Қазақалтын» ЖШС ұжымы, шағын және орта бизнес өкілдері, жастар, еріктілер мен ауыл тұрғындары белсене қатысты.

Кентімізде 5 600 халық бар. Бүгін үлкені де, кішісі де бір кісідей сенбілікке атсалысып жатыр. Ауылымыздың тұрғындарының да белсенділік танытып жатқаны қуантады. Президент Жолдауы аясында іске асып жатқан «Таза Қазақстан» акциясына 500-дей адам қатысуда, – деді Бестөбе кентінің әкімі Сырым Кабай.
Акцияға жастар қауымы да ерекше серпін берді. Жастар ресурстық орталығы мен UNICEF волонтерлер орталығының өкілдері де сенбілікке белсене атсалысты.

Біз бүгін Жастар ресурстық орталығының белсенділері болып, UNICEF волонтерлерімен бірлесіп, сенбілікке қатысудамыз. Өзіміздің туған жерімізді аялау – азаматтық борышымыз. Ұлы ойшыл Абай атамыз айтқандай, «Егер қоғамды өзгертем десең, өзіңнен баста». Бүгінгі экологиялық акция сәтті өтуде, мұндай шаралар әлі де жалғаса береді деп сенемін, – деді орталықтың фронт-офис басшысы Дидар Хамзин.
Жергілікті тұрғындар да туған ауылын көркейтуге ерекше ықылас білдірді. Зейнеткер, ауыл тұрғыны Ғабділманат Калимулин сенбілікке қатысып, бұл тазалық шарасының өте маңызды екенін атап өтті.

Бүгін, міне, бәріміз бірлесіп сенбілікке шықтық. Мен осы елдің тума баласымын, қазір кәсіпкермін. Ауылымыздың таза болғаны біз үшін өте маңызды. Өйткені көше таза болса, халқымыздың сана-сезімі де таза болады. Жастарға үлгі болайық деп, зейнеткер болсақ та қол ұшын тигізіп отырмыз. Еліміз дами берсін, көркейе берсін, – деді ол.
Кең көлемді сенбілік барысында кент көшелері мен қоғамдық аумақтар қоқыстан тазартылып, тазалық пен бірліктің жарқын үлгісі көрсетілді. Акция аясында 5 мың куб қоқыс шығарылып, 10 техника жұмылдырылды. «Таза Қазақстан» сияқты экологиялық бастамалар қоғамда табиғатты қорғау – әр азаматтың күнделікті таңдауы екенін дәлелдеп отыр.
Пікірлер (0)