Мектепке дейінгі және орта білімді дамыту ісінде ілгерілеушілік бар

Жаңалықтар
view 34
news

Фотосурет: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанда соңғы жылдары мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесін жаңғырту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Үкімет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қамтылуын арттыру, білім сапасын халықаралық өлшемдермен салыстыра көтеру, мұғалім мамандығының беделі мен еңбек жағдайын жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Реформалар ретке келіп қалды

Білім беру сапасы мен қолжетімділігі әлеуметтік әділдік пен ұзақмерзімді экономикалық өсімнің басты алғышарты. Үкіметтің ресми шолуларында 2019 жылдан бері мектепке дейінгі сектордың қолжетімділігін және мазмұн сапасын арттыру бағытында кешенді жұмыс жүріп жатқаны атап өтіледі. Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылы 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 95%-ға дейін жеткізуді мақсат етті.

Осы орайда мектепке дейінгі білім беруді қамтуға нақты тоқтала кетсек, 2024 жылы ашылған 561 балабақша мен шағын орталықтың арқасында 2-6 жастағы балаларды қамту 92,5%-ға жетті. 2024-2025 оқу жылынан бастап мектепке дейінгі топ пен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты күшейтетін үлгілік бағдарлама, «Баланың дамуының жеке картасы» цифрлық түрде енгізілді. Бұл құралдар баланың даму мониторингін үш кезеңде (қазан-желтоқсан, ақпан-сәуір, маусым-шілде) жүргізіп, жеке түзету мен дамытушы шараларды нақты жоспарлауға мүмкіндік береді.

Ал мектептердегі орын тапшылығы мен апатты ғимараттар проблемасын шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асып отырғаны мәлім. 2024-2026 жылдары 369 жаңа заманауи мектеп салу, шамамен 740 мың оқушы орнын құру жоспарланған. Оның ішінде 2024 жылы алғашқы мектептер пайдалануға берілді. Сондай-ақ 2025-2026 оқу жылында 217 мектеп (460 мың орын) іске қосыла бастады. Жоба мектептің функционалдылығы, қауіпсіздігі, инклюзияға қолжетімді орта, пәндік кабинеттердің жаңаша жабдықталуы сияқты талаптарды қамтиды.

PISA мен TALIS не дейді?

PISA-2022 нәтижелері Қазақстан оқушыларының математика, оқу сауаттылығы мен жаратылыстанудағы көрсеткіштері OECD орташа деңгейінен әлі төмен екенін көрсетті. Мысалы, математикадан оқушылардың 50%-ы ғана 2-деңгейден жоғары жетістіктерге жеткен (OECD орташа көрсеткіші – 69%). 2024 жылы жарияланған PISA-2022 шығармашылық ойлау деректері де креативтік тапсырмаларда жоғарғы деңгейге жеткендердің үлес шектілігін көрсетті. Бұл – оқу мазмұнын құзыреттілікке бағыттау, математика мен тіл пәндерінде жаңа әдістемелерді күшейту қажеттігін аңғартады. Ал 2025 жылғы TALIS-2024 елдік есебінде мұғалімдердің 71%-ы (жалақыдан тыс) еңбек шарттарына қанағаттанатынын айтқан. Бұл кәсіби климаттың жақсарып келе жатқанын білдіреді.

Жалпы, мұғалімдердің еңбекақысын өсіру және жұмыс жүктемесін оңтайландыру –мемлекеттік саясаттың 2019 жылдан бергі негізгі бағыты. 2025 жылы білім саласы қызметкерлерінің орташа жалақысы, 2024 жылмен салыстырғанда, шамамен 7-8% өскен. Бұл ретте ұзақмерзімді мақсат – мәртебе туралы заңнамалық кепілдіктерді сақтай отырып, кәсіби дамуды (коучинг, менторлық, үздік тәжірибелер алмасуы) жүйелеу.

Нормативтік-құқықтық база

Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта инфрақұрылымды жаңарту, оқу бағдарламаларын құзыреттілікке бағыттау, бағалаудың әділдігі мен ашықтығын арттыру, инклюзивті білім мен ауыл мектебін қолдау, цифрлық білім платформаларын дамыту сияқты тармақтар белгіленген. Енді биыл Оқу-ағарту министрлігінің бірқатар бұйрығы оқу-әдістемелік үдерістерді нақтылауға бағытталып отыр. Сонымен қатар UNICEF және басқа да халықаралық ұйымдармен серіктестік балалардың құқығы мен қауіпсіздігін, инклюзияны, мектептегі психологиялық қолдауды күшейтуге бағытталған жобаларды ілгерілетті.

Бұл ретте негізгі сын-қатерлер де жоқ емес. Мысалға оқу жетістіктеріндегі алшақтықты алсақ болады. PISA көрсеткіштері урбанизация, тілдік орта, әлеуметтік мәртебе бойынша айырмашылықтарды азайту қажеттігін көрсетеді. Бұл үшін ерте қолдау бағдарламалары мен тілдік/математикалық «көпір» курстарын жүйелеу өзекті. Сондай-ақ ауыл мектептерінде кадр тапшылығы сақталып отыр. Мамандар үшін баспана, көтерме ақы, дифференциалды еңбекақы дегендей ынталандыру тетіктерін кеңейту маңызды. «Жайлы мектеп» жобасын орындау қарқыны да әр аймақта әртүрлі. Сол себепті жаңа орындарды нақты демографиялық өсіммен сәйкестендіру қажет.

Оған қоса, кітапхананы жаңғыртуымен қатар, оқушылардың мәтінмен жұмыс істеу, дереккөздерге сын көзбен қарау дағдыларын күшейтетін мектепішілік саясат қажет. Қазіргі 700 мектеп кітапханасын «оқу хабына» айналдыруды педагогтердің әдістемелік қолдауымен бірге жүргізуге болады. Мысалы, 2024 жылы басталған мектеп кітапханаларын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде биыл сол 700-ге жуық кітапхананы жөндеуден өткізу көзделген. Ондағы мақсат – заманауи оқу кеңістігін кеңейту және цифрлық контентпен жұмыс дағдысын күшейту. 

Түйін

«Ауызды қу шөппен сүрту» ұстанымы дұрыс емес, әрине. Бүгінде елімізде мектепке дейінгі және орта білімде қолжетімділік пен инфрақұрылымды кеңейту бойынша айтарлықтай ілгерілеушілік бар екенін мойындау керек. Ендігі шешуші кезең – сапаға бағытталған саясаттың толық қуатпен іске асуы. Алда сала басшыларын оқу мазмұны мен бағалау реформаларын дәлелді әдістермен ұштастыру, мұғалімдерді кешенді қолдау, мектеп ортасын шын мәнінде «жайлы» әрі инклюзивті ету істері күтіп тұр. Осы вектор сақталса, алдағы PISA циклдерінде де, ұлттық бағалауларда да тұрақты өсімге қол жеткізуге болады.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *