Мемлекеттік Мұнай Қоры инфрақұрылымдық активтерге инвестиция көлемін арттырып жатыр – ПІКІР
Сурет: Ашық дереккөзден
Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік Мұнай Қоры (ММҚ) табиғи ресурстарды пайдалану нәтижесінде түсетін табыстарды жинақтап, оларды қазіргі және болашақ ұрпақ үшін тұрақты табыс көзіне айналдыру мақсатында құрылған. Өткен жылы 25 жылдық мерейтойын атап өткен Қор бүгінде 66 миллиард АҚШ долларынан астам активтерді басқарады. Бұл Әзербайжанның ЖІӨ-нің 90 пайызынан астамына тең. 2024 жылы ММҚ-ның инвестициялық кірістілігі 6 пайызды құрады.
AZƏRTAC агенттігінің хабарлауынша, ұзақмерзімді қаржылық инвестор ретінде Қор инвестициялық қызметі арқылы қазіргі және болашақ ұрпақтың әл-ауқатына, сондай-ақ жаһандық деңгейде орнықты дамуға өз үлесін қосып келеді. Бұл мақсаттарға жету үшін ММҚ тұрақты әрі икемді инвестициялық стратегия негізінде құрылған, 50-ден астам елді, барлық негізгі қаржы активтері мен салаларды қамтитын жоғары диверсификацияланған инвестициялық портфельге ие.
Инвестициялық портфелін озық тәжірибе мен кәсіби басқару қағидаттарына сүйене отырып қалыптастыратын ММҚ – алдыңғы қатарлы жаһандық институционалдық инвестор ретінде энергетикалық транзит, цифрландыру және көлік-логистика салаларындағы макроэкономикалық үрдістерді бақылап отырады. Соңғы уақытта Қор осы бағыттарда бірлескен және тікелей стратегиялық инвестицияларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін бағалауды жалғастыруда.
Осындай мүмкіндіктердің бірі – Қор мен жаңартылатын энергетика саласындағы халықаралық Enfinity Global компаниясы арасында қол қойылған келісім. Бұл келісім Италиядағы жалпы қуаты 402 мегаватт болатын күн электр станциялары портфеліндегі 49 пайыздық үлесті сатып алуды көздейді. Келісім аяқталғаннан кейін Enfinity Global 51 пайыздық үлесті сақтай отырып, осы активтерді тиімді басқаратын болады және Италиядағы жаңартылатын энергетика нарығындағы мықты позициясын нығайтады.
Аталған инвестициялар жаһандық энергетикалық транзиттің орнықты өтуіне ықпал етіп, сонымен қатар ММҚ-ның ұзақмерзімді инвестор ретіндегі стратегиялық мақсаттары мен мандатына сәйкес тұрақты әрі болжамды табыс көзін қамтамасыз етеді. Келісім аясында Enfinity Global өз инвестициялық серіктестерін Италиядағы жобалар портфеліне тартпақ. Бұл компанияға қолданыстағы жобалар бойынша капитал айналымын қамтамасыз етіп, қуаты 2,6 ГВт болатын күн энергетикасы және 5,3 ГВт энергия сақтау жүйелері жобаларын тезірек жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, компания елдегі тәуелсіз электр энергиясын өндіруші (IPP) ретіндегі көшбасшылық ұстанымын одан әрі нығайтады.
AZƏRTAC агенттігіне берген сұхбатында Мұнай зерттеулер орталығының жетекшісі Илхам Шабан:
«Мемлекеттік Мұнай Қоры Италиядағы соңғы келісім арқылы инвестиция географиясын кеңейтіп, инвестициялық портфелін әртараптандырып отыр», – деді.
«ММҚ мұнай сатудан түсетін табыс азайған жағдайда, неғұрлым тұрақты әрі жаңа табыс көздеріне инвестиция салу қажеттігін жақсы түсініп отыр. Бұған дейін Қор Абу-Дабиде орналасқан жаһандық баламалы инвестициялық компания – Lunate Capital басқаратын арнайы инвестициялық қор арқылы ADNOC Gas Pipeline Assets LLC (AGPA) компаниясына 50 миллион доллар инвестиция салған болатын. Бұл да тұрақты табыс әкелетін жоба. Екінші жағынан, 2024 жылдың қорытындысы бойынша жарияланған есепке назар аударатын болсақ, Қор инвестициялық портфелінің жылдық кірістілігін 6,2 пайызға дейін арттырғанын көреміз. Мұндай инвестициялар өтімділігі төмен болғанымен, ұзақ мерзімді перспективада кірістілігі жоғары болатынын ескерсек, бұл да Қордың болашақтағы табыстылығын арттыруға оң әсер ететініне сенімдімін», – деп атап өтті ол.
Пікірлер (0)