«Менің атым Қожа» фильмімен танылған Нұрлан Сегізбаев дүниеден өтті
Фотосурет ашық дереккөз
Қазақ мәдениетінің көрнекті өкілі, актер, сценарист және кинодраматург Нұрлан Санжарұлы Сегізбаев өмірден озды. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімет таратты, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Көпшілік оны «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлі арқылы таниды. Ол қазақ кино өнерінің тарихында елеулі із қалдырған тұлға.

«Өнерсүйер жұртшылыққа әлі күнге құндылығын жоймай келе жатқан Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильміндегі басты рөлімен танымал өнер иесі қазақ кино өнеріндегі дара тұлға болды. Оның экранда жасаған көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады» деп жазды мәдениет және ақпарат министрлігі.
Ол – Еуропадағы Lambert академиялық баспасынан алты ғылыми кітабы жарық көрген ғалым, «Жошы», «Бату», «Періште», «Қызыл қар» романдарының авторы. Бұған қоса, баспадан шықпаған тоғыз қолжазбасы бар. Киносценарист ретінде де ол қазақ кино өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрлан Сегізбаев сырқаттанып ауруханаға түскен еді.
Пікірлер (0)