Облыстың көркемөнерпаз ұжымдарына «Халықтық» және «Үлгілі» атағы берілді
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің биылғы жылғы 11 желтоқсандағы бұйрығына сәйкес, көркемөнерпаздар шығармашылық ұжымдарына «Халықтық» және «Үлгілі» атақтары берілді,- деп хабарлайды janabastau.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Халықтық» және «Үлгілі» атақтары – шығармашылық ұжымдардың өз жұмысында жоғары кәсібилік пен шығармашылық белсенділікті көрсеткені үшін берілетін ерекше құрмет. Бұл атақ көркемөнерпаздардың еңбегін ынталандырып, олардың мәдениет саласындағы еңбегін бағалау мақсатында тағайындалады.
Егіндікөл ауданындағы «Сазды әуен» ансамблі үшін бұл атақ маңызды жетістік болып табылады. Ансамбль 14 жыл бұрын құрылып, осы уақыт аралығында аудандық және облыстық деңгейде танылып, көрермендерінің жүрегін жаулап алды. Құрамында әртүрлі сала қызметкерлері бар. Ұжымның жұмысын Амангелді Райхан басқарады. Оның жетекшілігімен ансамбль көптеген мәдени шаралар мен мерекелік концерттерге қатысып, халыққа жақсы таныс болды.
«Сазды әуен» ансамблі «Халықтық» атағы берілгеніне қуанышты екендерін жасырмады. Олар мәдениет басқармасы мен аудан әкімдігіне алғыстарын білдіріп, осы атақтың олар үшін үлкен мәртебе екенін айтты.
«Бұл оқиға Егіндікөл ауданындағы мәдениет саласы үшін үлкен қуаныш болып табылады, себебі бұрын соңды ауданнан «Халықтық» атағын ешкім алмаған . Ұжымның бұл жетістігі аудан мәдениетінің дамуына тың серпін беріп, болашақта жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік ашады», -дейді ансамбль жетекшісі.
Айта кету керек, салтанатты шарада 8 өнер ұжымы «Халықтық» және 8 ұжым «Үлгілі» куәлігіне ие болды. Бұл атақ - шығармашылық ұжымдардың көп жылдық қажырлы еңбегінің нәтижесі және олардың мәдениет саласындағы жетістіктерінің айғағы.
Пікірлер (0)