«Өнер» білім шығармашылық орталығына – 10 жыл

Жаңалықтар
view 136
news

Талай талантты баптап, небір дүлдүлдің бағын ашып келе жатқан шығармашылық орталық Конституция күнімен тұспа-тұс келген мерейтойын салтанатты жағдайда атап өтті.

Шығармашылық ұжым алғашқы мерейтойды Қосшы қаласындағы «Лесная полянада» есептік концерт беріп, тұрғындармен бірге тойлады. «Өнер» білім шығармашылық орталығының 10 жылдығына Қосшы қаласы әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. «Құрметті ата-аналар, ұстаздар және өнерлі оқушылар, сіздерді алдағы оқу жылымен құттықтаймын! Сонымен қатар қаламызда көп жылдан бері өнерлі ұрпақ тәрбиелеп келе жатқан орталықтың 10 жылдығымен құттықтай отырып, алдағы еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін. Қаламызда өнерлі, білімді өрендер өсе берсін», – деді Берген Жұмкейұлы. Бұдан әрі «Өнер» білім шығармашылық орталығы мерейтойына орай ұйымдастырылған сурет сайысында көптен оза шауып, үздік болған тәрбиеленушілер марапатталды. Талантты жастарды тәрбиелеуде сүбелі үлес қосып, өз ісінің шебері атанып жүрген ұстаздар мен үйірме жетекшілері де «Өнер» білім шығармашылық орталығының басшысы Сәбит Мұратұлының қолынан алғысхаттар алды. Мерейтоймен құттықтай келген ата-аналар атынан сөз алған Қырмызы Жаңабергенова көпшілікке аналық батасын берді. Сондай-ақ сахнада күй күмбірлеп, жез таңдай әншілер әсем әнді әуелетті. Мың бұралған бишілер көрерменді таңдай қақтырса, күй сандық, сазсырнай мен қобызды жетік меңгере білген жас өнерпаздар көптің көңілінен шықты. Шығыс жекпе-жегі саналатын джиу-джитцу үйірмесінің шәкірттері де шеберлік ойынын көрсетті. Бүгінде жеті жүзге жуық балалар мен жасөспірім дәл осы орталықта жиырма үйірмеде ұршықша иіріліп, өнердің әр қырын меңгеріп келеді. Олардың бес жүзге тартасы мемлекеттік бағдарлама Artsport арқылы қаржыландырылады. Қалғаны ақылы түрде білім алуда. Төрт жастан бастап, он сегіз жасқа дейінгі балалар көңілі қалаған, яғни домбыра, би, шығыс жекпе- жегі, күй сандық сыныбы, тоқу өнері, бисермен тоқу, сазсырнай, қобыз, мектепке даярлық тобы, ағылшын тілі, сурет салу, бейнелеу өнері, шахмат сыныбы, актерлік шеберлік, шешендік өнер тобы және журналистика сыныбы сынды көптеген үйірмелерге қатыса алады. Онда жиырмаға жуық кәсіби білікті мамандар мен ұстаздар еңбек етеді. Соның арқасында орталықтағы тәрбиеленушілер республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегерлері атанған.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *