28 тамыз күні қаламызда «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» атты педагогтардің дәстүрлі қалалық тамыз кеңесі өтті.
Тамыз кеңесіне қала әкімі Гайдар Қасенов және Қосшы қаласы қоғамдық кеңесінің төрайымы Сайра Матайбаева, қалалық Білім бөлімінің басышысы Қанат Ахметов қатысты.
«Дәстүрге айналған Тамыз кеңесі – ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетістікке жетсе де, білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Ең алдымен, білім және ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласымды білдіремін. Сіздер еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», – деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз – әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. Баршаңызды осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын», – деді қала әкімі.
Қала әкімінің сөзінше, шаһарда 28 мектепке дейінгі білім беру ұйымы, 3 мектеп жұмыс істейтін. Енді, міне, олардың қатарына тағы бір білім ордасы қосылуда. Биылғы оқу жылы 1200 орындық жаңа ІТ мектеп-лицей ашылып, орын тапшылығы мәселесінің шешілуіне себеп боп отыр. Қала мектептерінің ұстаздары мен оқушылары үшін материалдық-техникалық базасын нығайту, жұмыстың қарқынды, ілгері жүруі үшін әкімдік тарапынан барлық жағдайлар жасалынып жатыр.
Пікірлер (0)