27 тамыз күні Қосшы қаласында «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп тауарлары мен оқу құралдарының, ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.
Конституция күніне орай, сондай-ақ балалардың мектепке дайындығын қамту мақсатында өткен жәрмеңкеге қаланың кәсіпкерлері қатысты. Жаңа оқу жылының қарсаңында оқушыға қажетті құрал-жабдықтардың барлығы, яғни, қалам пен дәптерден бастап, аяқ киім мен сөмкеге дейін қажетті заттар қойылған. Ондағы тауарлардың бағасы нарықтағыдан арзан бағамен сатылды.
Жәрмеңке аумағында балалар мен ата-аналарға арнап қалалық Мәдениет үйі мен өнер орталықтарының өнерпаздары концерт қойды. Шараға келген Қосшы қаласының әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, табысты еңбек етіп жүрген бірқатар құқық қорғау саласының қызметкерлерін қала әкімінің алғысхатымен марапаттады.
«Бұл жәрмеңке әр ата-анаға, көпбалалы отбасыларға, балаларға қажетті оқу-құралдарын, киім-кешектерін төмен бағада алуға мүмкіншілік болсын деген мақсатта ұйымдастырылып отыр. Қосшы қаласындағы кәсіпкерлер және Нұр-Сұлтан қаласындағы қалалық «Мектепке жол» жәрмеңкесіне қатысу үшін кәсіпкерлерді шақыру арқылы, яғни, бәсекелестікті орнату арқылы бағаны тұрақтандыру жолға қойылған. Ал ауылшаруашылық өнімдерін өзіміздің «Нива» шаруа қожалығы ұсынып отыр. Бұл жерде табиғи өнімдер, ешқандай қоспасыз дайындалған сапалы көкөніс өнімдері сатылды. Сонымен қатар ыстық тағамдар, салқындатылған сусындар және жазушылардың мағыналы кітабы да сатылымға шығарылды. Жәрмеңке халықтың көңілінен шығып жатыр», – дейді Қосшы қаласының Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Фархат Ертайұлы.
Қосшы тұрғыны Дидар есімді көпбалалы ана жаңа оқу жылының басталуына орай мектеп тауарларының жәрмеңкесін өткізу ата-аналарға өте қажет әрі ыңғайлы екенін айтады.
«Менің бес балам бар. Оның үшеуі мектепке барады. Оларға қажетті құрал-жабдықтарды дүкеннен алсақ, жәрмеңкемен салыстырғанда қымбатырақ болатын еді. Мектепке дайындық заттарды жәрмеңкеден алу тиімдірек. Сондықтан бірнеше баласы мектепке баратын, әсіресе, көпбалалы аналар үшін осындай акциялар өткізілгені өте жақсы деп ойлаймын» – дейді қала тұрғыны Дидар.
Сондай-ақ жәрмеңкені аралап жүріп, кішкентай Қарақат есімді кәсіпкермен таныстық. Ол аталмыш шараны көре сала, өзінің қолөнерін сатылымға қоюға рұқсат алған. Қарақат түрлі-түсті биссерлерден сәнді білезік, алқа сынды неше түрлі заттарды өзі жасайды екен.
«Бәрін өзім жасадым. Қазір 9 жастамын. Негізі 7 жастан бастап жасап жүрмін. Өзім үйрендім. Кейбірін интернеттен де қарап жасаймын. Бүгін жәрмеңке өтіп жатқанын көре сала, осы тоқыған заттарымды сатып көрейін деп ойладым. Бәрі қызығып алып жатыр», – дейді талапты кішкентай шебер.
Мерекелік шара кешке жастардың би кешімен жалғасты. Бір жағынан жастардың өнерін тамашалап, екіншіден керек-жарағын арзан бағамен алған қала тұрғындары жәрмеңкеге алдағы уақытта да келуге ықыласы барын білдіріп қайтты.
Пікірлер (0)