Өнімділіктен цифрландыруға дейін: Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігі артып келеді
Фото: Ресми дереккөзден
Ақмола облысында егін жинау науқаны қарқын алып келеді. Өңірдің барлық аудандарында шаруалар алқаптарға шығып, бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі – науқанды ұйымдасқан түрде, оңтайлы мерзімде және өнім сапасын жоғалтпай өткізу. Осы мәселелер Бурабай ауданында өткен ауқымды агрокеңесте талқыланды. Жиынға облыстың 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі қатысты. Жиында қалыптасқан жағдайды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин талқылады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің негізгі астық өндіретін өңірлерінің бірі болып саналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 5,6 млн гектар алқапқа орналастырылса, оның 4,5 млн гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың көлемі 838 мың гектарға дейін ұлғайтылды.
Қазір барлық аудандарда егін жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде шаруалар 800 мың гектардан астам дәнді дақылды жинап, 978 мың тонна астық бастырды. Орташа өнімділік гектарына 12,2 центнерді құрайды. Жалпы, биыл облыста шамамен 8 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жоспарланып отыр. Биылғы науқанға өңір толық техникалық дайындықпен кірісті. Егін жинау жұмыстарына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, машина-трактор паркінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге науқанды өткізу үшін 81 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шамамен 433 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.
Техниканы жаңарту жұмыстары да жалғасуда: жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,1 мың техника сатып алған, оның 842-сі жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында алынған.
«Бүгінде аграрийлердің алдында тұрған міндет – өнімді жай ғана жинап алу емес, оны сапалы әрі оңтайлы мерзімде жинау. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалды: техника, жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштар қамтамасыз етілді. Біздің міндетіміз – егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде өткізу және туындаған мәселелерді жедел шешу», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
Пікірлер (0)