Павел Дуровқа 12 түрлі айып тағылды
Фото: durov/ instagram
Франция прокуратурасы Telegram негізін қалаушы Павел Дуровтың өткен сенбіде Парижде ұсталуына байланысты баспасөз мәлімдемесін таратты. Онда Дуров бірқатар қылмыс жасады деген күдікке ілінгені және тергеу аясында жауап алынып жатқаны айтылған. Бұл туралы ВВС жазды.
Париж прокуратурасы Павел Дуровқа тағылуы мүмкін 12 айыпты тізіп айтқан, оның ішінде құзырлы органдарға ақпарат беруден бас тарту, алаяқтық пен есірткі сатуға қатысының болуы, балалардың порнографиялық видеоларын сақтауға, киберқылмыстарға, ақша жылыстатуға қатысуы және т. б. бар.
Прокуратура 8 шілдеде ашылған істі Киберқылмыспен күрес орталығы мен Ұлттық алаяқтықпен күрес басқармасы (ONAF) тергеп жатқанын айтты.
Дуровты қамау мерзімі 28 тамызда аяқталады.
— Ұстау мерзімін тергеу судьясы 25 тамызда ұзартты және ұйымдасқан қылмысқа қатысты қылмыстарға қолданылатын тәртіпті ескере отырып, 96 сағатқа дейін (яғни 28 тамызға дейін) созылуы мүмкін, — делінген хабарламада.
Дүйсенбі күні Франция президенті Эммануэль Макрон Дуровтың ұсталуы «саяси шешім» емес деп мәлімдеді.
— Мен Павел Дуров қамауға алынғаннан кейін Франция туралы жалған ақпаратты оқып жатырмын. Франция сөз және коммуникация бостандығына, инновация мен кәсіпкерлікке бұрынғыдан да көбірек еркіндік берген. Солай болып қала береді, — деп жазды Макрон X әлеуметтік желісінде.
Бұл — француз билігінің сенбіден бергі алғашқы ресми түсініктемесі болды.
Пікірлер (0)