Посткеңестік ностальгия: моноқаладағы өмір

Жаңалықтар
view 138
news

«Моноқала» сөзі депрессиялық көңіл-күй тудырғанмен, іс жүзінде көп өлшемді құрылым ретінде қазір посткеңестік елдерде әлеуметтік һәм экономикалық трансформациядан өтіп жатыр. Өндірістік және еңбек күші шоғырланған моноқалаларды дамыту әлемнің түкпір-түкпірінде қолға алынғалы талай уақыт болды. Спутник-қала атауымен жеке отау тігіп, қайта құрылу процесін бастаған Қосшы қаласы Қазақстандағы посткеңестік ностальгияның бір көрінісі іспетті. Шетелдік тәжірибеде мұндай елдімекендер «company town» деп аталады. Көбінесе корпорациялар салатын моноқалалар АҚШ, Латын Америкасы, Қытайда кездеседі. Еуропадағы Рур облысы және Германияның шығыс бөлігіндегі бұрынғы моноиндустриалды қалалар кішігірім ғана «company town»-дарда экономикалық даму пайызын арттырудың үздік мысалы. Моноқалалардың қалыптасу тарихы 1950-1960 жылдардағы Кеңес одағының индустрияландыру және урбанизация процестерімен байланысты. Ол кезде белгілі бір кен орындарын игеру кезінде еңбек ресурстарын пайдалану қажет болды. Осылайша, әртүрлі пайдалы қазбалардың жаңа кен орындарын игеру және дамыту үшін жұмысшы поселкелері пайда бола бастады. Кейінірек өндіріс орындарына және жеке тұрғын аудандарға кеңістіктік бөлу тәжірибесі басталды. Көптеген жағдайларда алғашқы өнеркәсіптік нысандар соғыс тұтқындарының, шартты жұмысшылардың еңбегін пайдалана отырып салынған. Кеңестік респуб­ликаның көліктік-географиялық шеткі аймақтарында болғандықтан, бүгінде кейбір моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық ахуалы тым төмен. Сонымен қатар, қалалық елді мекендерді салу және өнеркәсіпті дамыту идея­сы кеңестік идеологиялық нұсқауларға сәйкес келді. Посткеңестік контексте заманауи моноқалалар күрделі мәселелер топтастырылған елдімекен саналады. 1990-жылдардың басында және 2000-жылдары посткеңестік республикалардағы неолибералдық экономикалық реформалар моноқалалардың дамуын тұралатты: кейбірі толығымен экономикалық және әлеуметтік жағынан маргиналды аймақтарға айналды. Нарықтық экономика жағдайында посткеңестік моноқалалар экономикалық кризиске төзімді емес. Сондықтан да кішігірім елдімекендер «елес қалалар» деп те аталады. Дүниежүзінің басқа аймақтарында моноқалалардың тоқырауы ХХ ғасырдың екінші жартысында жиі көрініс тапқанымен, қазір мұндай қалалар туризм саласының нысандары ретінде толыққанды жұмыс істеп тұр. Осы ретте Қазақстандағы моноқалаларды шартты түрде екіге бөлуге болады. Біріншісі – өмір сүру үшін салыстырмалы түрде қолайлы және жайлы ортасы бар елдімекендер. Мұндай орындар ішінара дамыған қалалық инфрақұрылыммен ерекшеленеді, ал халықтың көпшілігінің тұрақты табысы бар. Теміртау, Алтай, Риддер, Рудный сынды моноқалалар осы санатта. «Облыстық маңызы бар қала» мәртебесін иеленгелі аз ғана уақыт өткен Қосшы да дамуы жағынан алғашқы санатқа біртабан жақындай түскен. Алайда, тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық, жылу мен жолға қатысты кезек күттірмейтін бірнеше мәселе тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отыр. Қазақстанда моноқалаларды дамыту бірнеше жылдан бері қолға алынғанмен, оңалған істен шешілмеген шаруалар баршылық. Аталған аймақтарда өндіріс көлемі шамалы, сондықтан қазіргі заманғы кәсіпорын бүкіл еңбекке қабілетті халықты жұмыспен және тиісті табыспен қамтамасыз ете алмайды. Оның үстіне жаңартылған өндіріс процесі жергілікті кадрларды жұмысқа орналастыруда да кедергілер туғызып отыр. Моноқалалардағы жұмыссыздық мәселесінен қылмыс деңгейінің арту қаупі жоғары. Географиялық оқшаулануға байланысты өндірісі ішінара немесе толықтай жұмысын тоқтатқан посткеңестік моноқалаларды екінші санатқа жатқызамыз. Кеңес одағы ыдыраған кезеңде Орталық Азия елдеріндегі бірнеше елдімекен «елес қалалардың» кебін киді. Қазір өндіріс тоқтаған моноқалаларда қалған азаматтар үшін шағын кәсіпкерлік пен сауда табыс табу көзіне айналған. Сауда-саттық 90-шы жылдардағы көші-қоннан кейін жергілікті халық арасында өмір сүрудің екінші «стратегиясына» айналды. Алайда инфляция салдарынан сауда да тұрақты табыс әкелмейді. Оның үстіне моноқалалардағы бизнестің мүмкіндігі шектеулі.

Біздіңше...

Қазір Қазақстандағы моноқалаларда өмір сүрудің басты артықшылықтары ретінде жаңа тұрғын үй алу мүмкіндігі, жалақының өсуі және белгілі бір салаға қажетті жаңа мамандықтардың дамуын айтуға болады. Әдетте моноқалаларда біліктілікті арттыру орталықтары мен ғылыми зертханалар салына бастаған. Дегенмен моноқалаларда шешімін таппаған проблемалар көп. Бұл ересек тұрғындар арасында посткеңестік жаңа емес кеңестік ностальгия (өткенді аңсау) құбылысының артуына себеп болса керек. Моноқалада тұру – несиеге азық-түлік пен киім-кешек алу; ауысымдық және маусымдық жұмыстан қаржы табу демек. Дамыған инфрақұрылымдарсыз өмірге үйрену де кішігірім ғана мекен тұрғындарының қалыпты тіршілігіне айналған. Мұнда өңірдің тұрмысы ғана емес, өскелең ұрпақтың келешегі де көрініс табады. Екінші жағынан, моноқалалардағы тіршілік «осы сәтпен өмір сүру» философиясымен сай келетін тәрізді. Бюджет қаражатына, қала құраушы кәсіпорынға, облыс орталығына және ауа райына толық тә­уелділік тұрғындардан асқан төзімділікті талап етеді. Бұл да өз кезегінде тіршілігі моноқалаларға «байланған» тұрғындардың қазіргі сәтті сезіне өмір сүрулеріне себеп болып отыр.  

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *