«Мәсімов ісі»: Тергелгендер қатарында Самат Әбіш те бар

Жаңалықтар
view 174
news

Экс-президент Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш «Мәсімов ісі» бойынша тергелді. Сондай-ақ ол ҰҚК-ның бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер.  ҰҚК-ның баспасөз қызметі таратқан ресми мәлімдемеде: «С.Әбіштен 175-баптың 1-бөлігі, 179-баптың 3-бөлігі, 3-тармағында көзделген қылмыс белгілері бойынша К.К.Мәсімовке, А.Т.Садықұловқа, Д.Е.Ерғожинге, М.С.Осиповқа және басқаларға қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап алынып жатыр» – делінген. Алайда оған қатысты қылмыстық іс тіркелмеген, бұлтартпас шарасы қолданылмаған. Биыл 22 маусымда Парламент Мәжілісінің отырысында ҰҚК төрағасының орынбасары Асқар Әмерханов Самат Әбіштің «тергеу назарында» екенін айтқанымен, қандай іс қозғалғанын нақтылаған жоқ. ҰҚК-да 2010 жылдан бері жұмыс істеген 43 жастағы Самат Әбіш күш құрылымдарындағы ықпалды адамдардың бірі болған. Сонымен қатар ол Әділет министрлігі Тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, осы бөлімнің жауапты хатшысы қызметтерін атқарды. 2015 жылы ол ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 2022 жылдың 17 қаңтарында қызметінен босатылды. Биыл Қаңтар оқиғасынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары қамауға алынған. Оларға «билікті күшпен басып алуға талпынды», «ірі көлемде пара алды», «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып тағылды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *