Назарбаевтың оралуы
Жаңалықтар
270
Осы аптада экс-президент Назарбаев Түркиядағы демалысынан елге оралды. Соңғы уақытта Түркияға ресми сапары жиілеген ол бұл жолы курорттық Бодрум қаласына жақындарымен демалуға барған.
Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Twitter-дегі ресми парақшасында: «Нұрсұлтан Назарбаев отбасымен және достарымен Түркияда өткізген демалысынан оралды», – деп жазды.
Бұған дейін кейбір ақпарат құралдары мен бейресми ақпарат көздері Түркияда Назарбаевтың Ресейдегі ЛДПР саяси партиясының жетекшісі Леонид Слуцкиймен, сондай-ақ ресейлік бизнес өкілдері және ірі корпорациялардың басшыларымен кездесу жоспарлағанын жазған еді. Бірақ оның баспасөз хатшысы мұндай мәліметтерді жоққа шығарды.
Жалпы биыл Назарбаевтың Түркия мен Ресейге сапары жиіледі. Қаңтар қырғынынан кейін наурызда ол Анталиядағы дипломатиялық форумға қатысты. Ал 4 шілдеде Назарбаевқа тағайындалған Berkut Airbus A320 Neo ұшағы Түркияның Бодрум қаласына ұшқан. Қазір Berkut ұшағы жайлы мәліметтер қолжетімсіз, бұғатталған.
«Қанды қаңтар» кезінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Назарбаев басқарып келген Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығын өз қолына алды. 11 қаңтарда Тоқаев мәжіліс отырысында Назарбаев тұсында елде белгілі бір адамдар тобы байыды деп сынға алған болатын. Қаңтар оқиғасынан соң Назарбаевтың қыздары мен жақын адамдары елдегі ықпалынан айырыла бастады.
Пікірлер (0)