«Президент орнынан атып тұрды»: Мұхамеджан Тазабек Назарбаев туралы естелік айтты (ВИДЕО)
Фото: ашық дереккөз
Айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабек журналист Жанар Байсеміздің YouTube-арнасына берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев жайлы естелігін бөлісті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
1992 жылы Алматы қаласында алғаш рет Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы болды. Сол тойда айтысқа қатыстым. Мен қазақ ретінде Қырғызстаннан келген жігітпен айтысып, сол жерде жеңіп кеттім. Бұл сәтті бір ғана республикалық телеарна түсіріп, тікелей эфирге шығарды. Сол кезде мен отты сөздерді айтпаймын ба…
Сонда бірінші қатарда жаңадан президент болған Назарбаев орнынан атып тұрып «Бас, Мұхамеджан!» дейді. Сол сәтті республикалық телеарна көрсетті. Оны ауданның бірінші, екінші хатшылары, бүкіл жұрт көреді, - дейді айтыскер ақын.
Мұхамеджан Тазабектің айтуынша, 16 жасында облыстық телеарна «Мұхамеджанның ақбоз аты» деген фильм түсірген.
Міне, осы оқиғадан кейін Таразға барғанымда облыстың сол кездегі бірінші әкімі Өмірбек Байгелді Назарбаевтың атып тұрып қолдағанын көргеннен соң «Не сыйлық жасаймын» деп ойланды.
Оның үстіне Мырзатай Жолдасбеков «мына балаларды қолдаңдар» деп тапсырма беріп жатыр. Сөйтіп, 16 жасымда облыстық телеарна «Мұхамеджанның ақбоз аты» деген деректі фильм түсіреді. Сол кезде деректі фильмді әдетте академиктерге, Социалистік еңбек ерлеріне немесе Халық әртістеріне ғана түсіретін. Міне, бізге тәуелсіздіктің тигізген пайдасы осы. Екіншіден, ағаларымыздың қамқорлығы. Бұл да Құдайдың сәтін салуы, - деді ақын.
Пікірлер (0)