Президент Қ.К.Тоқаевтың  «Handelsblatt» іскерлік басылымына  жарияланған мақаласы

Жаңалықтар
view 23
news

Фото: Ақорда

Біз Германияға стратегиялық маңызды материалдар саласында серіктестік құруды ұсынамыз. Қазақстан Еуропа экономикасында стратегиялық мәнге ие 34 шикізат түрінің 21-ін өндіреді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Берлинге қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын өндіріс тізбегін бірге қалыптастыруды ұсынады. 
 
Саясатта да, экономикада да сенім – капитал, ал сенімділік оның ең жоғарғы формасы саналады. Халықаралық дүрбелең белең алған кезеңде дәл осындай сипаттағы қарым-қатынастың құндылығы арта түсті. 
 
Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Германия өзара сенімнің берік іргесін қалап, арқауы мықты стратегиялық серіктестік қалыптастыра алды. Сындарлы саяси диалог, уағдаластықтарды дәйекті түрде жүзеге асыру және нақты нәтижені көздеу өзара қарым-қатынасымыздың ерекшелігін көрсетеді.
 
Қазақстан үшін Германия жай ғана басты сауда серіктесі әрі ірі инвестор емес. Біздің экономикалық мүдделеріміз ұқсас әрі екі мемлекет те халықаралық құқықтың сақталуына әрқашан бейіл. 
 
Бүгінде өзара ықпалдастығымыз екіжақты күн тәртібімен шектелмейді. Біз Азия мен Еуропа арасындағы маңызды дәнекер рөлін атқарып, тұтас Еуразия кеңістігіндегі экономикалық орнықтылықты, энергетикалық қауіпсіздікті және көлік қатынастарын нығайтуға елеулі үлес қосып келеміз. 
Халықтар арасындағы тығыз байланыс ынтымақтастықтың берік ұстыны іспеттес. Қазіргі таңда Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс өмір сүреді, ал Германияда елімізде туып-өскен миллионнан аса азамат тұрады. Ортақ тарихи жадымыз және мәдени дәстүрлеріміз қос халықтың арасын жақындата түседі. 
 
Дәл осы берік тұғыр келешекке сеніммен көз тігуге мүмкіндік берері сөзсіз. 
 
Сондықтан Германияға бұл жолғы сапарымды, ең алдымен, стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңіне қадам басатын, жаңа өсім бағыттарын айқындайтын және бірлескен жұмысқа тың серпін беретін мүмкіндік ретінде қарастырамын. 
 
Бұған қажетті алғышарттардың бәрі бар. 2025 жылы өзара сауда-саттық көлемі 9 миллиард долларға жуықтады (7,9 миллиард еуро). Қазақстанда германиялық капиталдың үлесі бар мыңнан астам кәсіпорын тіркелген. 
 
Осы ретте Қазақстан экспортын әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға айтарлықтай әлеует барын айтқым келеді. 
 
Біз Германия нарығына 80-нен астам дайын өнім түрін жеткізе аламыз. 
 
Металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі және темір жол машинасын жасау салаларында мол мүмкіндік бар. Осы орайда аса маңызды минералдар саласында да күш-жігер біріктіру өте өзекті көрінеді

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *