Президент волонтерлік қозғалысты гуманитарлық ықпалдастықтың маңызды бөлігіне айналдыруды ұсынды

Жаңалықтар
view 31
news

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтерлік қозғалыс өңірлік гуманитарлық ықпалдастықтың маңызды құрамдас бөлігі болуы керек деп санайды. Президент Орталық Азия елдері арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған бірқатар бастаманы ұсынды, деп хабарлайды Janabastau.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қазақстанның «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын жүзеге асыру тәжірибесін аймақтық деңгейде қолдануға болатынын айтты.

– Еліміздің «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын іске асырудағы тәжірибесін аймақтық деңгейде қолға алуға болады. Бұл бастама жастарды адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулиды. Сондықтан келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қатысты жастар форумын өткізуді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аймақтағы ішкі туризмді дамыту халықтардың өзара араласуына, Орталық Азия елдері мен Әзербайжанның тарихы және мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Осыған байланысты Президент Орталық Азия мен Әзербайжанда өтетін ауқымды мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шаралардың бірыңғай күнтізбесін әзірлеуді ұсынды.

– Бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен турлар аясында шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған ұсыныстар өңірдегі ынтымақтастықтың берік гуманитарлық тұғырын қалыптастырады, – деді Президент.

200-ден астам бастаманың аз бөлігі ғана жүзеге асқан

Мемлекет басшысы сөз соңында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесулер форматын жетілдіру мәселесіне де тоқталды.

Президенттің пікірінше, бұл алаң қалыптасқан ресми үлгілерден ада, мемлекет басшылары арасында тікелей әрі мазмұнды диалог орнататын формат ретінде сақталуы керек.

– Жұмыс тиімділігі ұсыныстар мен бастамалардың санымен емес, олардың іс жүзіндегі құндылығымен, нәтижесімен өлшенуі керек деп санаймын. 2018 жылдан бері 200-ден астам бастама көтерілген. Дегенмен оның аз ғана бөлігі іске асты. Мұны бұлтартпас деректер айғақтайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты Президент сыртқы саясат ведомстволарына бұған дейін ұсынылған аймақтық бастамаларды түгендеп, олардың өзектілігі мен келешегін айқындауды ұсынды.

Мемлекет басшысының айтуынша, мұндай қадам Консультативтік кездесулердің тиімділігін арттырып, мемлекеттер арасында қол жеткізілген уағдаластықтардың нақты жүзеге асуына ықпал етеді.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *