Қарағанды облысында эпидемиядан жылқылар қырылып жатыр

Жаңалықтар
view 170
news

Фотосурет eldala.kz

Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының үш ауылында эпизоотиялық лимфангит тіркеліп, салдарынан жылқылар қырылып жатыр, деп хабарлайды janabastau.kz.

Екі жылда өңірде 300-ден астам жылқы өлген.

Қарағанды облысы аумақтық инспекциясының мамандары Бұқар жырау ауданының үш ауылында эпидемия тіркелгенін ресми растады. Жылқылар арасындағы дертті екі жыл бұрын Үміткер ауылдық округінің мамандары анықтаған. Жұқпалы мал ауруы ауданның тағы екі ауылында тіркелген. 

«Карантиндік аймақта Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті эпизоотикалық ауруларға қарсы республикалық жасағының мамандары жұмыс істеуде. Олардың міндеті – бес күнде бір рет ірі жылқы үйірлерін айналып өтіп, клиникалық расталған ауруы бар жануарларды оқшаулау. Әр он бес күн сайын ат қораларда дезинфекция жасау. Біз бұл жұмыстардың барысын бақылап отырмыз», деді ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы басқармасының басшысы Дархан Иманбаев. 

Жылқы иелері айтарлықтай шығынға ұшырадық деп шағымданып отыр. Ал жылқыларды емдеуге де қыруар қаражат жұмсалған.

«Өткен жылы 10 бас қырылды. Биыл тағы он жылқымнан айырылдым. Әлі де кейбір жылқыларым ауырып жатыр. Оларды емдеу және үнемі күтім жасау керек. Бұл қаншама шығын. Бірақ басқа амал жоқ. Әйтпесе, барлық үйірімізден айырылып қаламыз», – дейді Төрткөл ауылының тұрғыны Мәдениет Жұмаділда.

Айта кетерлігі, африкалық жұқпалы дерт негізінен тұяқты жануарлар арасында тарайды.

Мамандардың пікірінше, ауруды жұқтырған жылқыларда жара пайда болады, содан кейін олар іріңдеп кетеді екен. 

Төрткөл ауылының тұрғындары, егер жауапты органдар қырылған малдың шығынын өтеу процесін жеделдетпесе, құзыретті органдарға жүгінгелі отыр.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *