Қаскелеңдік асаба әйелі мен енесін соққыға жыққан
Фотосірет: видеодан скриншот
Алматы облысында полиция Қаскелең қаласының 31 жастағы тұрғынын зайыбын және оның анасын ұрып-соқты, сондай-ақ мүлікті қасақана бүлдірді деген күдікпен ұстады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Оқиға ерлі-зайыптылар арасындағы ажырасу үдерісі аясында болған. Бұған дейін Egov.press Telegram-арнасында жарияланған мәліметтерге сәйкес, ер адам зайыбының үйіне келіп, тараптар арасында жанжал туындаған. Қақтығыс барысында ол әйеліне және оның анасына дене жарақаттарын келтіріп, үйдің терезелерін сындырған және автокөлікті зақымдаған.
Оқиға фактісін Алматы облыстық полиция департаменті растады.
Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері ауданның 31 жастағы тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Жанжал барысында әйелге және оның анасына дене жарақаттары келтірілгені, сондай-ақ мүліктің қасақана бүлінгені анықталды, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша қылмыстық істер тіркелді. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазба тараған болатын. Видеода тұрғын үй аумағында әйелді ұрып-соғу сәті бейнеленген. БАҚ мәліметінше, күдікті ер адам Қаскелеңде асаба ретінде танымал.
Полиция өкілдері тергеу қорытындысы бойынша күдіктінің әрекеттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Пікірлер (0)