Қателікті қайталау: қаржы пирамидасының құрығына қалай түспеу керек
Фото: Kaspi.kz
Қаржы пирамидасы деген сөз тіркесін көбіміз жағымсыз құбылыс ретінде қабылдаймыз. Соған қарамастан, оны насихаттайтындар да, оған сеніп қатысатындар әлі де бар. Бұл мәтінде біз алаяқтар қазіргі пирамидаларды қалай бүркемелейтіні және неге оған қатысу ешқашан тиімді болмайтыны туралы айтамыз.
Қаржы пирамидасы деген не?
Бұл алаяқтық схема. Ұйымдастырушылар қатысушыларға белгілі бір сома енгізіп, достарын, туыстарын, таныстарын шақыруды ұсынады. Олар да дәл сондай жарна жасайды. Біраз уақыт өткен соң жаңа қатысушылардың ақшасы есебінен бұрынғылар өз салымдарын қайтарып, үстінен пайда көреді.
Қай тұсы қауіпті?
Мәселе жаңа қатысушылар легі ерте ме, кеш пе, тоқтайды. Сол сәтте пирамидаға ақша келмейді, яғни бұрын кіргендер пайыз түгілі салған ақшаларын да қайтара алмайды.
Ал жарналар шағын болса ше? Аз ақшаға тәуекел еткен дұрыс емес пе?
Пирамиданы ұйымдастырушылар қулықтарын дәл осылай ойлайтындарға бағыттайды. Алғашқы айналымда аз пайда көргендер екінші, үшінші рет қатысып, барған сайын көбірек ақша салады. Бұл пирамида «жарылғанша» және ұйымдастырушылар барлық «салымшылардың» ақшасымен бірге ғайып болғанша жалғаса береді.
Мұндай әрекет заңды ма?
Жоқ. Қазақстанда қаржы немесе инвестициялық пирамиданы құру мен басқару Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес тыйым салынған. Мұндай іспен айналысқандарға жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Онда неге жаңа пирамидалар пайда бола береді?
Алаяқтар пирамидаларды заңды бизнес түрінде көрсетеді. Мысалы, клиенттердің ақшасын туризм не шоу-бизнес жобаларына салып жатырмыз, косметика, әшекей бұйымдар немесе басқа тауар сатамыз деп сендіреді. Негізінде ешқандай инвестиция да, сауда да болмайды — «табыс» тек жаңа қатысушылардың жарналарынан түзіледі.
Тағы бір бүркемелеу тәсілі — «халықтық ойын», мысалы «Ортақ қазан» сияқты. Яғни, бұл жерде бәрі адал адамдар, өз отбасылары үшін ақша табуға тырысады, сондықтан бір-бірін алдау орынсыз деген түсінік қалыптастырады.
Бірақ мұндай «ойындардың» мәні өзгермейді: жаңа қатысушылар азайғанда, пирамида күйрейді, ал ұйымдастырушылар барлық ақшаны алып жоғалып кетеді.
Қаржы пирамидасын шынайы бизнестен қалай ажыратуға болады?
Мұндай алаяқтық схемаларды тануға көмектесетін бірнеше «қызыл жалаушалар» бар:
• Тәуекелсіз, тез әрі көп табысқа уәде беру.
• Достарыңыз бен таныстарыңызды «бизнеске» шақыруға үгіттеу немесе міндеттеу. Кейде сіздің табысыңыз дәл осы шақырған адамдардың санына байланысты болады.
• Табыс табу тетігінің ашық болмауы. Қомақты кірістің қайдан келетінін түсіндірмейді. Оның орнына «криптовалютаға инвестиция» немесе «биржадағы ойындар» сияқты бұлыңғыр сөздермен шектеледі.

Ал пирамида ұзақ өмір сүрсе ше? Қаржылық тәуекел азаймай ма?
Пирамида неғұрлым ұзақ өмір сүрсе, соғұрлым оған қатысушылар көбейеді, ал олардың салған ақшасы арта түседі. Демек, ұйымдастырушылар бұрынғыларға төлем жасау үшін барған сайын көбірек қаражат қажет етеді. Бұл жаңа қатысушылардың үздіксіз ағымын талап етеді, ал мұндай ағынды ұзақ уақыт ұстап тұру мүмкін емес.
Сондықтан пирамида бәрібір күйрейді — бұл тек уақыт мәселесі. Бір нәрсе анық: пирамида неғұрлым «ескі» болса, соғұрлым зардап шеккендер де, келтірілген шығын да көп болады.
Есіңізде болсын, қаншалықты жеңіл табысқа қызықтырса да және сізді шақырған адамдар қаншалықты сенімді көрінсе де мұның нәтижесі біреу-ақ - уәде етілген байлықтың орнына ақшадан айырылу мен қарыздар.
Айтпақшы, «Kaspi.kz алаяқтарға қарсы» науқаны аясында жаңа бейнеролик жарық көрді. Онда қаржы пирамидаларының қалай жұмыс істейтіні нақты көрсетіледі.
Еске салайық, адамдар алдауға түспеуі үшін Kaspi.kz Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ең көп тараған алаяқтық түрлері туралы бейнежобалар сериясын түсірді. Жаңа видеолар әр екі апта сайын Kaspi.kz-тің ресми YouTube-арнасында жарияланады.

Пікірлер (0)