Қаулыдағы өзгерістер мен толықтырулар талқыланды
Фотосурет: дереккөз
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 13 шілде күні мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылау мақсатында республикалық конференция өткізді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
«Рәміздер рухы – Конституция күші» тақырыбындағы конференцияға Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссия мүшелері, мәдениет және қоғам қайраткерлері, тарих және филология ғылымдарының докторлары, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті органның (облыс және республикалық маңызы бар қалалардағы) жауапты қызметкерлері қатысты. Олар «Мемлекеттік рәміздер: тарих пен тағылым» архив құжаттары көрмесімен танысып, Қаулыдағы өзгерістер мен толықтыруларды талқылады.

Ең әуелі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова іс-шараның маңыздылығына, мақсат-міндетіне тоқталып өтті.
– Бүгінге дейін мемлекеттік рәміздердің қолданылуына қатысты сан түрлі пікір айтылып келді. Қаулыға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларда біраз сұрақтың жауабы көрсетілгеніне сенімдімін,– деді Айзада Амангелдіқызы.

Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Нұртөре Жүсіп жастардың бойына отаншылдық рухты сіңіру мақсатында жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажет екенін жеткізді.

Оған қоса Нұртөре Байтілесұлы қазақ геральдикасының өркендеуіне рәмізтанушы Ербол Шаймерденовтің зор үлес қосқанын атап өтті. Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы таңбалардың мән-мағынасын зерттеп-зерделеу – тарих тереңіне сүңгітетінін айтты.

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, жазушы-публицист Ербол Шаймерденовтің жұбайы, ғалым-педагог Күләш Шаймерденова рәміздердің мемлекеттің басты белгілері екенін тілге тиек етіп, рәмізтанушының Туға арналған бір өлеңін оқыды.
Өз кезегінде Ғалиасқар Сарыбаев, Болат Керімбек сынды қоғам қайраткерлері мемлекеттік рәміздердің 35 жылдығына арналған іс-шараларға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты.

– Қаулыда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалардың ғимараттарда, оның ішінде балкондарда (45 градус бұрышпен) және салтанатты іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануына (орнатуына, орналастыруына) болады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын киім ретінде пайдалануға, оны төсек-орын, перде, дастархан, кілемше және өзге де жабын ретінде қолдануға тыйым салынған. Мемлекеттік Тудың бейнесін спорттық киімдерде және спортшылардың киім-кешегінде пайдалануға рұқсат етілген. Мемлекеттік Туды қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға, сондай-ақ оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиеті мен маңызын төмендететін өзге де әрекет жасауға жол берілмейді. Өзгерістер мен толықтырулар рәміздерді пайдалану мәдениетін жаңа сапалық деңгейге көтеруге негіз болады деп есептейміз, – деді Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Әділхайыр Мырзаханов.
ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қайрат Абулгазидов мемлекеттік рәміздерге қатысты биыл елімізде 40 әкімшілік құқық бұзушылық анықталғанын айтты. «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның мүшесі Нұрбол Сейтқалиев аталған қоғамдық бірлестіктің мемлекеттік рәміздердің заңнамаға сәйкес қолданылуын қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын жеткізді. Конференцияның басқа да қатысушылары пікір білдіріп, өздерін толғандырған мәселелерді алға тартты.

Іс-шара аясында Геральдикалық зерттеулер орталығы директорының м.а. Әділхайыр Мырзаханов пен «Дала қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы Нұрбол Сейтқалиев өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның мақсаты – мемлекеттік рәміздерді насихаттау, олардың тарихи және идеологиялық маңызын түсіндіру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібі мен оларды заңнама талаптарына сәйкес қолдану мәселелері бойынша халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Айта кетейік, Қаулыға сәйкес азаматтарға Мемлекеттік Туды мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шаралар кезінде пайдалануға рұқсат етіледі. Бұл ретте оны пайдалану коммерциялық мақсатты көздемеуі және заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс.
Мәрлен ҒИЛЫМХАН
Пікірлер (0)