Шағын көлемді су көлігі иелеріне судағы қауіпсіздік ережелері еске салынды
Фотосурет: ТЖД
Биылғы шілде айының басынан бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі шағын көлемді су көліктерін қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруда. Бұл туралы брифингте Ақмола облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы, майор Асқар Құлбаев мәлімдеді.
Аталған өзгерістерге Қазақстан Республикасының Президенті 2026 жылғы 11 маусымда қол қойған заң негіз болды. Түзетулер «Ішкі су көлігі туралы» заңға, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және басқа да нормативтік-құқықтық актілерге енгізілді.
Жаңашылдықтардың негізгі мақсаты – су айдындарындағы қауіпсіздікті күшейту, төтенше жағдайлардың алдын алу және жазатайым оқиғалардың санын азайту.
«1 шілдеден бастап Төтенше жағдайлар министрлігі шағын көлемді су көліктерін қауіпсіз пайдалануға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады. Сонымен қатар олардың техникалық жай-күйін тексеріп, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылайды», – деді Асқар Құлбаев.
Брифинг барысында өңір тұрғындарына шағын көлемді су көліктерін пайдалану кезінде сақталуы тиіс негізгі талаптар түсіндірілді. Атап айтқанда, мемлекеттік тіркеуден өтпеген су көлігін басқаруға, өздігінен жүретін шағын көлемді су көлігін басқару құқығын растайтын куәліксіз суға шығуға және мас күйінде кеме басқаруға тыйым салынады.
Сондай-ақ белгіленген қозғалыс жылдамдығын асыруға, моторлы немесе желкенді кемелермен шомылу және жаппай демалыс аймақтарына кіруге, 14 жасқа толмаған балаларды ересектердің қарауынсыз тасымалдауға, сондай-ақ көріну мүмкіндігі шектеулі кезде немесе түнгі уақытта навигациялық шамдарсыз суға шығуға болмайды.
Жеке құтқару құралдарын пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Шағын көлемді су көлігінде немесе сүйретілетін жүзу құралында отырған барлық азаматтар өз өлшеміне сәйкес келетін құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етіліп, оларды су үстінде болған уақытта міндетті түрде киіп жүруі тиіс. Сонымен қатар кеме жүргізушісі жолаушыларды отырғызар алдында қауіпсіздік бойынша нұсқама өткізіп, отырғызу, түсіру және жүзу барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті.
Өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті шағын көлемді су көлігі иелеріне түнгі уақытта, қатты жел, толқын, тұман кезінде немесе дауылды ескерту жарияланған жағдайда суға шықпауға кеңес береді. Құтқарушылар өңір тұрғындары мен қонақтарын заңнама талаптарын сақтауға, құтқару құралдарын пайдалануға және судағы жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Пікірлер (0)