«Қазақ күшінің картасына» М.Нұрғазиннің рекорд тасы ақмолалық ойын Балуан тасы ретінде тіркелді

Жаңалықтар
view 26
news

Фото: Ресми дереккөз

Астаналық палуан Мұрат Нұрғазиннің әлемдік рекордтық тасы «Қазақ күшінің картасына» Ақмоланың «Ойын Балуан тасы» ретінде тіркелді, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Бұл туралы «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының президенті Абылайхан Қалназаров хабарлады.

Ақмола облысы Целиноград ауданы Қажымұқан ауылында өткен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 155 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар аясында қазақтың күш мәдениетіне қатысты маңызды тарихи оқиға болды.

Атақты балуантасшы, күш өнерін дәріптеуші Мұрат Нұрғазин Күш атасынан өнеге болған күштік нөмірін жаңа салмақпен қайталап, 120 келілік бетон блокты кеудесіне қойып, денесінің «көпір» қалпын сақтай, 10 келілік балғамен сындыру арқылы өзінің әлемдік рекордын жаңартты.
Осы жетістікті GBR – The World Book of Records for Asia and Africa рекордтар комиссиясы ресми түрде растады. Сертификатта рекордтың ресми тіркелген күні «2026 жылғы 8 тамыз» деп көрсетілген. Құжатта «Рекорд иегері ретінде Мұрат Мырзагалиевич Нұрғазин, Қазақстан Республикасы, Ақмола облысы, Қажымұқан ауылы» деп көрсетілген. Тіркеу нөмірі – GBR-AA-2026-NURGAZIN-005/53.
Осылайша, М.Нұрғазин GBR рекордының екі дүркін иегері атанды. Ал «Baluan tas» академиясы жүргізіп отырған «Қазақ күшінің картасына» жаңа тарихи нысан қосылды.
Аталмыш карталық жобаның негізгі мақсаты – Ұлы дала күш мәдениетінің материалдық және символдық мұрасын жүйелеп, тарихи батыр-балуандардың ізін, күш сынаған орындарын, балуантас нысандарын және қазіргі заманғы аутентикалық тастық рекордтарды біртұтас мәдени картаға түсіру.


«Baluan tas» академиясының президенті Абылайхан Қалназаров: «Біз үшін бұл жай ғана спорттық рекорд емес. Бұл қазақтың дәстүрлі күш мәдениетінің бүгінгі күндегі жалғасы. Қажымұқан атамыздың есімімен байланысты тарихи жерде жаңа рекордтың жасалуының өзі символдық мәнге ие. Әсілінде, балуантастар бес топқа бөлінеді. Бұл ретте Мұраттың рекорд орнатқан ауыр тасын «Қазақ күшінің картасына» Ақмоланың «Ойын Балуан тасы» ретінде тіркеу туралы шешім қабылдадық. Бұл тас енді нақты әлемдік жетістіктің ғана емес, Қажымұқан дәстүрінің жалғастығын көрсететін мәдени нысан ретінде қарастырылады», - деп атап өтті.

Оның айтуынша, «Күш картасы» уақыт өте келе еліміздің әр өңіріндегі қазақтың күш мәдениетіне қатысты деректерді біріктіретін ұлттық мәдени-танымдық базаға айналуы тиіс.
Өз кезегінде рекорд иегері Мұрат Нұрғазин жаңа жетістігін Қажымұқан Мұңайтпасұлының мерейтойымен байланыстырып, бұл рекордтың өзі үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті.


«Қажымұқан атамыздың атын арқалаған ауылда, оның мерейтойы аясында осындай прецедент жасау – мен үшін зор мәртебе. Бұған дейінгі көрсеткішімді жаңа салмақпен жаңартуды мақсат еттім. Бұрынғыларынан да ауыр зілбатпан тасты көтеріп, кеудеде ұстап, балғамен сындыру үлкен физикалық дайындықты, төзімділікті және техниканы талап етеді. Бұл жетістік ең алдымен қазақтың күш өнеріне, Қажымұқан атамыздың рухына деген құрметім», - деді Мұрат Нұрғазин.

Қажының айтулы мерейтойын азаматтық қоғам атынан ұйымдастыруға атсалысқан, Қажымұқан ауылының тұрғыны Таңат Омаров бұл оқиғаның ауыл үшін де ерекше мәні бар екенін жеткізді.
«Бүгінгі ерен қимыл – үлкен тарихи сабақтастықты білдіреді. Қаһарман бабалар мұрасын бүгінгі ұрпақтың жалғастырып жатқанын осындай нақты істерден көреміз. Әсіресе рекордтың дәл осы жерде жасалып, оның «Қазақ күшінің картасына» енгізілуі ауылымыздың тарихы мен рухани маңызын арттыра түседі. Бұл тас кейінгі ұрпаққа да Қажымұқанның киелі жолын еске салатын нышан болады деп ойлаймын. Жалпы бүкіл іс-шараға азаматтық қоғам атынан атсалушылар – Рауан Сейдахметов, Әсемгүл Шарагаева, Асылхан Атанов, Олжас Минкин, Азамат Кенесов, Жанат Накупов, Әнуар Махметовтер де осы ұстанымда. Баршаға рақмет», - деді Таңат Омаров. 

Айта кетейік, «Baluan tas» академиясы үшін М.Нұрғазиннің рекорды – дәстүрлі күш мәдениетінің қазіргі әлемдік спорттық практикамен сабақтастығын көрсететін маңызды дерек. Яғни «Балуантас» ұғымы тек ауыр тасты көтеру немесе онымен күш сынасу дәстүрімен шектелмейді. Ол қазақ қоғамындағы күш, ерлік, төзімділік, намыс, мәрттік және ұрпақ сабақтастығы сияқты құндылықтардың материалдық көрінісі ретінде қарастырылады. Осы тұрғыдан алғанда, Қажымұқан ауылында тіркелген жаңа рекордтық тас Ақмола өңірінің қазіргі заманғы «Балуан тас» ретінде «Қазақ күшінің картасындағы» жаңа нүктеге айналып отыр.
«Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы алдағы уақытта Қазақстанның өзге өңірлеріндегі тарихи және заманауи балуантас нысандарын анықтап, оларды «Қазақ күшінің картасына» жүйелі түрде енгізуді жалғастырады. Бұған дейін Түркістан облысына жасалған «Балуан тас сапары» экспедициясы аясында 2 символдық, 13 заттық балуан тас тіркелген болатын. Бұл жолғы тас та заттық балуан тас жәдігеріне жатады. 
Қазақ күшінің тарихы жалғасуда.
Әр тас – тарих. Әр рекорд – ұлт жадының жаңғыруы.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *