«QAZAQ LINGVO» жастар арасындағы облыстық байқауы өтті

Жаңалықтар
view 132
news

Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен 2025 жылғы 27 ақпан күні облыстық «Қоғамдық келісім» үйінде «QAZAQ LINGVO» атты жастар арасындағы облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ.

 Байқаудың басты мақсаты, қазақ тілінің мәртебесін арттырып, жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттап, қолданылу аясын кеңейту.

 Шараға облыстағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының Тілге жанашыр, дарынды студенттері қатысты. 

 Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде әр қатысушы белгілі ақындардың қазақ тіліне арнаған өлеңдерін жатқа оқыды.

 Екінші кезеңде үміткерлер мемлекеттік тілді құрметтеп, қастерлеудің маңыздылығын айқындайтын қысқаша бейнероликтер топтамасын жасады.

 Үшінші кезеңде қатысушылар еркін форматта Ана тіліне деген сүйіспеншіліктерін білдірді.

 Байқау үміткерлеріне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Жетпісқалиев Серік Сапарұлы төрағалық етіп, Ақмола облысы білім басқармасының бас маманы Шақшақова Айгүл Сайлаубекқызы мен Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Ермеков Дастан Амангелдіұлы әділ бағаларын берді.

 Бірінші және екінші орындарды Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттері Ақай Аружан Қасымбекқызы мен Дәулетбек Жұлдыз Саветқызы, үшінші орынды Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Төлеуханқызы Бұлбұл иеленді.

 Бұдан басқа, арнайы сый-сияпат, үш ынталандыру сыйлықтарының иегерлері болып Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Тілеубай Мерей, Азаматтық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінің студенті Әуелбекұлы Бейбітжан және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау Университеті жанындағы көпсалалы колледжінің студенті Қасенбай Жанел Жақсылыққызы атанды.

«Бүгінгі байқау үлгі-өнеге беретін, тәрбиелік мәні зор шара болды. Қазіргі жастарымыздың өз Ана тіліне деген ерекше ықыласы мен сүйіспеншілігі көңіліме қуаныш ұялатып, керемет әсер қалдырды. Осындай шараны ұйымдастырған Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына көп рақмет айтамын. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі артып, тұғыры биіктей берсін! Ана тіліміз жасасын!» – деп Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау Университеті жанындағы көпсалалы колледжінің бөлім меңгерушісі Айнагүл Елемесқызы өз пікірін білдірді.

 Шара соңында байқаудың барлық қатысушыларына басқарма басшысының атынан дипломдар мен алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *