Қазақстан құрамасы IChO 2026 олимпиадасында төрт бірдей медаль жеңіп алды
фотосурет: оқу-ағарту министрлігі
Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында (International Chemistry Olympiad - IChO 2026) Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетіп, жарысқа қатысқан төрт оқушының барлығы жүлдегер атанды. Ел қоржынына бір алтын және үш күміс медаль түсті.
Алтын медальді Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (NIS) 11-сынып оқушысы Айзере Женісханова иеленді.
Күміс медальға Астана қаласы Нұра ауданындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әбілмансұр Қали, Алматы қаласындағы №134 лицейдің 11-сынып оқушысы Данил Полетаев және Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы Ансар Жақсылықов қол жеткізді.
Ұлттық құраманы халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары - Корея Республикасындағы KAIST университетінің студенті Санжар Бегдаир және химия мен экономика магистрі Ануар Нұртазин дайындады.
Биылғы білім бәйгесіне әлемнің 90-нан астам елінен 350-ден аса дарынды оқушы қатысты. Олимпиада барысында қатысушылар бес сағатқа созылған теориялық және практикалық кезеңдерде күрделі химиялық есептерді шешіп, зертханалық жұмыстарды орындады.
Қазақстандық оқушылардың бұл жетістігі елдің халықаралық ғылыми олимпиадалардағы жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Пікірлер (0)