Қазақстандағы ең қарт адам әлі тың қалпында
Фотосурет: видеодан скриншот
Елдегі ең қарт тұрғын – ұлытаулық Түймегүл Темірбаева 116-көктемін қарсы алды. Кейуана әлі де ширақ. Ол көп жасаудың сырын адал еңбек және жақсы ниетпен байланыстырады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Өмір бойы ауыр жұмыстың ортасында жүрген ол қазір де бос отырмайды. Құрт жайып, үй тірлігіне араласып тұрады. Әркімнің пешенесіне жазыла бермейтін әдемі қартаю бақыты Түймегүл апаға бұйырған. Ол жұбайы Аязбай Темірбаев екеуі өмір бойы жылқы баққан. Дегенмен мал соңындағы қара жұмыстан қажымаған. Аязбай ақсақал ғасырға жуық жасап, 95 жасында дүниеден өткен. Ал жақында 116 жасқа толған Түймегүл әже көзәйнексіз ине сабақтап, іс тігеді. Қимылы да ширақ.
100-ден асып бара жатырмын. Өлмей келе жатырмын. Балаларым аман болсын. Балалардың алдында кетсем деп жүрмін, – деді Қазақстандағы ең қарт адам.
Түймегүл әженің балалары «Осы күнге дейін ол кісінің «ауырдым» дегенін естімедік» дейді. Ес білгеннен еңбекпен өскен жан қазір де қартайдым деп қарап отырған жоқ. Немерелердің қарсылығына қарамай, үйдің тірлігіне де араласады.
Анда-санда далаға шығып келеді. Көбіне үйде жүреді. Биыл солай болды. Оған дейін барлық шаруаға жарап тұрған. Сырттың, іштің шаруасына. Қанша дегенмен жасы келді ғой. Теледидар көріп отырады. Бізге тамақ істеп қояды, – деді келіні Раушан Темірбаева.
Түймегүл Темірбаева қаңтар айында 116 жасқа толды. Оның елдегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі растаған. Кейуана бүгінде Қызылжар кентінде кенже ұлының қолында тұрады. 4 баладан 15 немере, 25 шөбере сүйіп отыр.


Пікірлер (0)