Президент қазақстандықтарды мерекемен құттықтады
Фотосурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.
Қымбатты ханымдар! Сіздерді Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Осы тамаша мейрам – барша нәзік жандылар қауымына арналған ерекше сезім мен зор құрметтің жарқын көрінісі. Әйел – көңілге шаттық сыйлап, шабытқа қанат бітіретін көркемдік пен сұлулықтың символы, жасампаздық пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Дүниедегі жақсылық атаулының бәрі әйел затынан бастау алады. Әйелдің жаны нәзік болса да, болмысы – мықты. Олар кез келген қиындықты еңсеріп, әрдайым даналық пен даралықтың, шыдамдылық пен батылдықтың, сенімділік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Әрбір әйелдің өмірге нәр беретін, әлемге жарық сыйлайтын, жоқтан бар жасайтын, тіпті, жауласқанды татуластырып, бейбітшілікке шақыратын ғажап қасиеті бар. Әйел табиғатының басты құпиясы мен сыры да – осында, – делінген құттықтауда.
Президент «Әйел – ұлттың жаны» десе артық болмайтынын айтып, әйел берген тәлім-тәрбие арқылы ұрпақтың дүниетанымы қалыптасады, жастар әдептілік, отаншылдық, еңбекқорлық, білімпаздық сынды асыл қасиеттерді бойына сіңіретінін мәлімдеді.
Ұлы даланың қайсар қыздары жайлы аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Қазақ аруларының парасаттылығы мен батырлығы жұртымыздың жадында жатталып, тарихында таңбаланып қалған. Осы сабақтастық қазір де сақталып отыр. Көптеген қыз-келіншектер Отанымызға қалтқысыз қызмет етіп, мектептер мен университеттерде, емханалар мен зертханаларда, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдарда, өнер мен бизнесте, өндіріс орындары мен шаруашылықтарда, әскери бөлімшелерде және ел өмірінің басқа да салаларында абыройлы еңбек етіп жүр, – деп қосты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқымыздың келешектегі тағдырына тікелей ықпал ететін ауқымды жаңғыру жолына түскенін, жаңа Халық Конституциясы жобасының өзегі – еліміздің Тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, азаматтардың мүдделері мен құқықтары екенін атап өтті.
Референдумға шығарылған жаңа Ата заңның жобасында ана мен баланы қорғау, неке және отбасы институтын күшейту мәселелеріне айрықша назар аударылды. Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруға, қоғамда заңды құрметтеу, табиғатты аялау, әділдік, еңбекқорлық, жауапты және жасампаз отаншылдық қағидаттарын орнықтыруға баса мән берілді. Әйелдер қауымы болашақта да өздерінің адалдығымен, қарым-қабілетімен, ерекше күш-жігерімен Әділетті, Өркендеген Қазақстанды құруға белсене атсалыса беретініне кәміл сенемін. Баршаңызға мықты денсаулық, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!” – деп түйіндеді сөзін.


Пікірлер (0)