Наурыз: науқан ба, әлде ұлттық болмыстың өзегі ме?

Жаңалықтар
view 37
news

Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Наурыз мейрамының мазмұны мен оны атап өту форматы соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланып келеді. Осы орайда өлкетанушы Ерлан Күзекбай ұлттық мерекенің тарихи мәні мен бүгінгі сипатына қатысты өз пікірін білдірді, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, Наурыз – тамыры тереңге кеткен, көне сақ және түркі дәуірінен жалғасып келе жатқан ұлы мейрам. Алайда кеңестік кезеңде бұл мереке 60 жылдан астам уақыт бойы тоқырауға ұшырап, халық жадынан өшіруге тырысқан. Тек 1989 жылдан бастап қайта жаңғырып, халықпен қайта қауышқанын айтады.

Оның сөзінше, алғашқы жылдары Наурызды әр өңір өз қалауынша, көбіне күн жылынған сәуір-мамыр айларында тойлау кең таралған. Бұл табиғаттың шынайы жаңару кезеңімен сәйкес келген.

«Біздің көнекөз қарияларымыз Наурызды қар еріп, көк шығып, мал өріске шыққан кезде тойлағанын айтып отыратын», – дейді өлкетанушы.

Сарапшының пікірінше, қазіргі таңда мерекені нақты күндерге байлап өткізу кей өңірлердің табиғи ерекшеліктеріне сәйкес келе бермейді. Әсіресе солтүстік аймақтарда наурыз айында қыс ызғары сақталып, мерекенің мазмұнын толық ашуға кедергі келтіреді.

Биыл Наурызды 10 күн бойы атап өту бастамасына қатысты Ерлан Күзекбай бұл өзгерісті оң қадам ретінде бағалайды. Дегенмен ол ұлттық құндылықтарды тек белгілі бір күндерге бөліп қарастырудың да кемшін тұстары бар екенін атап өтті.

«Мысалы, Ұлттық киім күні немесе Салт-дәстүр күні деп бөлу арқылы біз сол құндылықтарды бір күнмен шектеп қоймаймыз ба? Негізінде олар күнделікті өміріміздің бір бөлігі болуы керек», – дейді ол.

Өлкетанушының айтуынша, Наурыз – тек мереке емес, ұлттық идеологияны қалыптастырудың маңызды құралы. Сондықтан оны науқандық деңгейде емес, терең мазмұнмен толықтыру қажет.

«Ұлттық құндылықтар бір күндік шарамен емес, үздіксіз насихат арқылы ғана орнығады», – деп атап өтті ол.

Сондай-ақ сарапшы ұлттық спорт түрлерінің дамуына тоқталып, бұл бағытта ілгерілеу бар екенін айтты. Дегенмен кейбір дәстүрлі ойындар ұмыт қалып бара жатқанын да жасырмады.

«Асық ойыны, топай, қамшыгер сияқты ұлттық ойындар бүгінгі балалар арасында кең таралмай отыр. Осыларды жаңғырту қажет», – дейді Ерлан Күзекбай.

Оның пікірінше, Наурыз аясында «Ынтымақ күні» сияқты атаулы даталардың мәні де терең болуы тиіс. Бұл тек мерекелік шара емес, қоғамның өмірлік ұстанымына айналуы қажет.

«Қазақта “Береке – бірлікте” деген ұғым бар. Ынтымақ – бір күндік ұран емес, елдің тұтастығын сақтайтын негізгі құндылық», – деді ол.

Сөз соңында өлкетанушы Наурыз мейрамын жаңғыртуда ең бастысы оның рухани мазмұнын жоғалтпау екенін айтты. Оның пікірінше, бұл мереке тек күнтізбедегі дата емес, ұлттың болмысын айқындайтын маңызды құндылыққа айналуы тиіс.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *