Айзада Мейірбанова 25 жылдан бері көлік жөндеп келеді

Жаңалықтар
view 102
news

Фотосурет: видеодан скриншот

Түркістанда көлік жөндеу ісін дөңгелетіп отырған Айзада Мейірбанованың есімін көлік жүргізушілері жақсы біледі. Темір-терсектің қыр-сырын жетік меңгерген шебер әйел бұл салада ширек ғасырдан аса уақыт еңбек етіп келеді, деп жазады JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Көпшілік «ерлердің ісі» деп есептейтін ауыр салада Айзада Мейірбанованың жүргеніне ширек ғасыр толды. Бүгінде ол алып жүк көліктерінің ақауын компьютерлік диагностика арқылы тап басып таниды. Бір қызығы, бастапқыда тігінші мамандығын меңгерген. Бірақ ине-жіптен гөрі, темір-терсектің тілі жанына жақын болып шықты. 2002 жылы ағаларының шеберханасында басталған қызығушылық бүгінде негізгі кәсібіне айналған. Ер-азаматтармен иық тіресе еңбек етіп жүрген Айзада әр жұмысын ынта-шынтасымен атқарады

Бала кезде дүкенде отырып, сатушы болғым келген. Сол арман болып тұр ғой. Біреулер бар қызметіңді бағаламайды. Еңбегіңді бағаламайтын адамдар бар. Біреулер машинаңды тастап кет, ертең көрем, арғы күні істеп берем, оның арғы күні көріп берем дейді. Мен сол машинаны алдым ба, ертесіне таңертең сағат 10:00-ге дайындап берем дедім бе, түнімен істесем де соны бітіріп беремін. Менде ертеңге қалып кету деген жоқ. Ол мен үшін қасірет. Лажы болса, клиетпен келістің бе, бітіріп беруге тырысу керек. Уәде Құдайдың аты, - дейді Айзада Мейірбанова.

Темір тұлпардың тілін, қыр-сырын жетік меңгеріп алған ол күніне жоқ дегенде 4-5 көлікке қызмет көрсетемін дейді. Көліктің «ішкі құрылысын» жақсы біледі, сондықтан кез келген тетікті ауыстыру ол үшін қиындық тудырмайды. Әрине, қара күшті талап ететін мотор ашу секілді істерде ағалары демеу болады. Бір қызығы, шеберханаға алғаш бас сұққандар оған онша сеніңкіремей тұрады екен. Алайда тәжірибелі мамандардың тісі батпаған ақауды тап басып танығанда, Айзаданың нағыз майталман екеніне көз жеткізеді.

Айзада Мейірбанованың кәсібі доңғалақ жамау мен май ауыстырудан бастау алған. Бүгінде «авто-дәрігер» атанған ол бұл жұмысты ағаларының қарсылығына қарамастан қолға алған. 2002 жылы базардағы сауданы емес, техника тілін түсінуді қалаған әйел ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де өз шешіміне еш өкінбейтінін айтады.

Өз кәсібіне деген шексіз махаббат Айзаданы алға жетелейді. Ол бұл жолдан айнымақ емес. Тіпті, болашақта шағын шеберханасын кеңейтіп, жүргізушілер үшін заманауи сервистік орталық ашуды армандайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *