«Қазпоштаның» 68 қызметкері жауапқа тартылды

Жаңалықтар
view 517
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті «Қазпошта» АҚ қызметінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі талаптарының сақталуына, сондай-ақ статистикалық есептің дұрыстығына тексеру жүргізді. Бұл туралы janabastau.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.  

Тексеру барысында жолданымдарды тіркемеудің 10 мыңнан астам фактісі, 2 мыңға жуық мемлекеттік құқықтық статистиканы бұрмалау, 249-жолданымдарды уақытылы тіркемеу, өтініштерді қарау мерзімдерін бұзудың 94 фактісі және өзге де кемшіліктер анықталды.

Бұдан басқа, «Қазпошта» АҚ пайдаланатын электрондық құжат айналымы жүйесін құжаттау, пайдалану тәртібін реттейтін құқықтық актілер Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің талаптарына сәйкес келмегені анықталды.

Тексеру нәтижелері бойынша Комитет және оның аумақтық органдары заңдылықтың бұзылуын жою туралы 21 ұсыну енгізді, 20 әкімшілік іс қозғалды.

Қадағалау актілерінің қаралу нәтижесінде 48 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке және 20-сы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.

Сонымен қатар, құқық қорғау органдарына хабарланбаған бөтеннің мүлкін ұрлау, сондай-ақ алаяқтық фактілері анықталды, осылайша аталған қылмыстық құқық бұзушылықтар есепке алынбай, олар бойынша процестік шешім қабылданбаған.

Осы ретте, Комитеттің бастамасы бойынша «Қазпошта» АҚ филиалдары арқылы жіберілген сәлемдемелерді ұрлаудың 3 фактісі, сондай-ақ коммуналдық қызметтерді төлеу үшін қабылданған ақшалай қаражатты ұрлау дерегі Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Бас прокуратура анықтаған кемшіліктерге қатысты «Қазпошта» АҚ ресми жауап берді. 

«Қазпошта» жоспарлы тексеру барысында жіберілген ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (бұдан әрі – Комитет) барлық ескертулері мен ұсынымдарын түзетті. Бүгінде Комитеттің «Қазпоштаға» наразылығы мен ескертуі жоқ.

«Қазпошта» тексеру жүргізуге және бұзушылықтарды анықтауға жан-жақты көмек көрсетті. Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізілді, олардың қорытындылары тиісті құқық қорғау органдарына берілді.

Сонымен қатар тексеріс қорытындысы бойынша «Қазпошта» Қазақстан Республикасының Әкімшілік іс жүргізу кодексінің нормалары мен ережелерін түсіндіру мақсатында барлық өңірлік филиалдарға оқыту семинар-кеңесін өткізді.

Сонымен қатар «Қазпошта» жеке БАҚ-тар мен кейбір әлеуметтік желілердің белсенді пайдаланушылары тарататын компанияның өз қызметкерлерінің қандай да бір құқық бұзушылықтарын қасақана және мақсатты түрде жасырғаны туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдейді.

Айта кету керек, «Қазпошта» орталықта да, жергілікті жерлерде де құқық бұзушылықпен белсенді күресті жалғастыруда. Ішкі тексерулер нәтижесінде 2023 жылы жалпы сомасы 396,7 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Барлық фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізілді, материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.

2023 жылдың мамыр айында «Қазпошта» Қазақстан Республикасының ұлттық пошта байланысы операторы ретінде Дүниежүзілік пошта одағының қауіпсіздігі бойынша сертификаттаудың «Алтын деңгейін» алды. «Қазпошта» халықаралық және ішкі пошта жөнелтілімдерін өңдеу бойынша стандарттар мен өндірістік объектілердің қауіпсіздігі және технологиялық процестер сияқты екі стандарт бойынша сертификатталған Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Пошта қызметтерінің ішінен алғашқысы болды.

«Қазпошта» АҚ компаниядағы құқық бұзушылықтар мен ұрлық фактілеріне қарсы белсенді күресті жалғастыру жөніндегі өз міндеттемесін растайды.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *