Қостанай полициясы цифрлық алдау схемаларын әшкерелеуде

Қауіпсіз орта
view 155
news

Фотосуреттерді Қостанай облысының ПД баспасөз қызметі ұсынды

Қазақстанда интернет-алаяқтық қылмыстарының өсімі тұрақты сипатқа ие болып отыр. Әсіресе мұндай үрдіс Қостанай облысында айқын байқалады. Соңғы екі жылда цифрлық технологияларды пайдаланып жасалатын қылмыстардың саны айтарлықтай артқан. Әрбір қылмыстың артында өзінің жинаған қаражатынан айырылған, кейде тіпті қаржы жүйесіне деген сенімі шайқалған азаматтардың тағдыры тұр. Алайда полицияның дер кезінде әрекет етуі мен жүйелі түрде жүргізілетін алдын алу шаралары мұндай алаяқтықтың кеңінен таралуына жол бермеуге мүмкіндік беруде, деп хабарлайды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2024 жылы Қостанай қаласында 1264 интернет-алаяқтық фактісі тіркелген. Интернет-алаяқтықтан келген жалпы шығын 2 миллиард теңгеге жуықтады. Полиция департаментінің қызметкерлері тергеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп, бірнеше эпизод бойынша күдіктілер анықталып, қолға түсті. Азаматтардың ақшасын қайтару және транзиттік шоттарды анықтау бағытындағы іс-шаралар да ерекше назарға лайық.

2025 жылы да жағдай күрделі күйінде қалды. Жылдың алғашқы жеті айында облыста 961 интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Цифрлық ортадағы қылмыстың артуы фишингтік сайттардың, жалған инвестициялық ұсыныстардың таралуымен, сондай-ақ әлеуметтік инженерияның жаңа түрлерімен байланысты. Соған қарамастан, құқық қорғау органдарының өкілдері заман талабына тез бейімделіп, талдау және жедел әрекет ету әдістерін жетілдіруде.

Киберполиция мен тергеу бөлімшелеріне негізгі жүктеме түсіп отыр. Оларға тек жергілікті емес, трансшекаралық қылмыстық топтармен де күресуге тура келеді. Алаяқтар анонимді нөмірлерді, жалған шоттарды және шифрланған мессенджерлерді қолданатын қазіргі жағдайда тергеу жұмыстары республикалық және мемлекетаралық деңгейдегі үйлестіруді талап етеді. Осыған байланысты облыстық полиция басқа өңірлердегі әріптестерімен және ұлттық қаржы ұйымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

Басты басымдық тек қылмысты ашуға емес, оның алдын алуға да беріліп отыр. 2024 жылы Қостанай қаласының бюджетінен профилактикалық шараларға  қаржы да бөлінді. Аталған қаражат ауқымды ақпараттық кампанияларға, тұрғын үйлерді аралап ескерту жұмыстарын жүргізуге, ескерту сипатындағы бейнероликтерді көрсетуге, сондай-ақ автобустарда, банктер мен сауда орталықтарында әлеуметтік жарнамаларды орналастыруға бағытталды.

2025 жылы аталған іс-шаралар өз жалғасын тапты. Жыл басынан бері 15 334 заңсыз контенті бар сайт бұғатталып, шамамен 2000-ға жуық тұрғын үй аралау шарасы өткізілді. 13 мыңнан астам үй шаруашылығы ақпараттандырылды. Полицейлер тек ескерту жасаумен шектелмей, зейнеткерлер, студенттер мен жас отбасылар сияқты осал топтармен мақсатты жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар банктермен бірлескен іс-шаралар нәтижесінде жалпы сомасы 93 миллион теңгеге жететін 47 алаяқтық жолмен жасалған ақша аударымы алдын алынды.

Қаржы ұйымдарымен жүргізіліп жатқан жұмыс та айтарлықтай нәтиже беруде. Құқықтық тетіктерді қолдана отырып, полицейлер күмәнді шоттарға шектеу қояды, бұл әрекет зардап шеккендердің қаражатын қайтаруға мүмкіндік береді. Тек биылдың өзінде 188 миллион теңге сомасындағы транзакциялар тоқтатылып, оның 81 миллионы иелеріне қайтарылды.

Азаматтарды қорғаудағы маңызды құралдардың бірі – eGov порталы арқылы онлайн-кредит рәсімдеуге уақытша тыйым салу мүмкіндігі. Мұндай қызмет, әсіресе, отбасында қарт кісілер бар жағдайда тиімді, өйткені олар алдау мен қысымға түсіп, алаяқтық схемалардың құрбаны болуы мүмкін.

Қостанай облысы полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасы бастығының орынбасары Олжас Мағыпаровтың айтуынша, интернет-алаяқтық қылмыстарының басым көпшілігі азаматтардың ақпаратқа сыни көзқарасының төмендігінен орын алады. Оның сөзінше, алаяқтар өзін банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып, сенімді түрде әрекет етеді.

– Біздің бөлім қызметкерлері күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, барынша кең аудиторияны қамтуға тырысады. Жүргізілген ақпараттық кампаниялардан кейін көптеген костанайлықтар күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға мұқият қарай бастады. Дегенмен, алаяқтар да амал-тәсілдерін өзгертіп, жетілдіріп отырады. Сондықтан біз алдын алу жұмыстарының ақпараттық және техникалық бағыттарын үнемі жетілдіріп келеміз, – деді Олжас Мағыпаров.

Ол сонымен қатар интернет-алаяқтық фактілерін ашу ұзақ уақыт пен елеулі техникалық ресурстарды қажет ететінін айтты. Әсіресе қылмыстық әрекеттер шетелден ұйымдастырылған жағдайда тергеу үдерісі күрделене түседі. Соған қарамастан, әрбір азаматтың өтініші назардан тыс қалмайды. Құқық қорғау органдары үшін басты мақсат – азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.

Мұндай алаяқтық схемалардың құрбаны болмас үшін азаматтарға киберқауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау ұсынылады: телефон арқылы ешқандай код, құпия сөз немесе карта нөмірін айтпау, белгісіз сілтемелерге өтпеу, ал күмән тудырған жағдайда банкке немесе полицияға тікелей жүгіну қажет.

Цифрлық алаяқтыққа қарсы күрес тек қылмыстық істермен шектелмейді. Өңірде алдын алу мен қорғаныс жүйесі қалыптасып келеді. Бұл бағыттағы жұмысқа құқық қорғау органдары, қаржы мекемелері мен қоғам белсенді қатысуда. Ортақ күш-жігердің арқасында қылмыстың алдын алып, залалды азайту және халықтың хабардарлық деңгейін арттыру мүмкін болып отыр.

Цифрлық қауіптерге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру – уақыт пен жүйелі жұмысты қажет ететін үдеріс. Алайда полиция қызметкерлерінің кәсібилігі мен қоғамның қолдауының арқасында аталған бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізіліп, интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді модель қалыптасып келеді.

Жанар АХМЕТОВА

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *