Құқық қорғау органдары мен халықтың ынтымақтастығы қажет
Фото: gov.kz
Бүгінде әлем елдерінде орын алып жатқан геосаяси толқулар, экономикалық қиыншылықтар мен технологиялық өзгерістер мемлекет алдына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстан үшін ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңыздылығын арттырады. Тәуелсіздікті нығайту, ішкі тұрақтылықты сақтау және халықтың әл-ауқатын қорғау – әр мемлекеттің негізгі мақсат-мұраттарының бірі. Қазақстан осы міндетті жүзеге асыру үшін өзінің ұлттық қауіпсіздік стратегиясын уақыт талабына сай жаңартып, нақты шаралар қабылдауда, деп жазды JANABASTAU.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі журналистік зерттеуінде.
Президент Қауіпсіздік Кеңесінің соңғы отырысында ел қауіпсіздігін арттыру қажеттігін айта келе, 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының қабылдануына мұрындық болды. Бұл – ел қауіпсіздігін нығайтуды көздейтін маңызды құжат. Ол әскери қорғаныстан бастап, ақпараттық, экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті түгел қамтыған.
Ұлттық қауіпсіздік тұжырымдамасы үш негізгі деңгейде қарастырылады: мемлекеттің, қоғамның және жеке адамның қауіпсіздігі. Аталған тұжырымдама қоғамдық қатынастың тұрақтылығымен, экономикалық және саяси құрылымдардың орнықтылығымен, сонымен қатар құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның даму өресімен бағамдалады. Қазақстан қауіпсіздік стратегиясын жүзеге асыру үшін бірнеше басым бағыттарды айқындады.
Сыртқы қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін нығайту – бірінші кезектегі міндет болып табылады. Осыған орай біздің ел көпвекторлы сыртқы саясатты ұстана отырып, әлемдік сахнада бейбітшілік пен тұрақтылықты насихаттап келеді. Бұл мақсатқа жету үшін Қазақстан өзінің әскери әлеуетін нығайтып, қорғаныс жүйесін жетілдіруде. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты халықаралық ұйымдармен әріптестік жалғасын тауып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілуде.
Экономикалық қауіпсіздікті сақтау ісі де елдің негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық, пандемияның әсері және логистикалық тізбектердің бұзылуы экономиканың әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан Қазақстан экономикалық дербестікті арттыруға және стратегиялық маңызы бар өндірістерді дамытуға баса ден қойып отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржы жүйесін тұрақтандыру және ұлттық өндірісті қолдау мақсатында біршама жобалар жұмыс істеп тұр.
Сонымен, ұлттық қауіпсіздік мәселесінде ақпараттық қауіпсіздіктің де, экологиялық қауіпсіздіктің де маңызы орасан. Бұл ретте қоғамдық қауіпсіздік те назардан тыс қалмауы тиіс.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік стратегиясы бұлжымайтын нәрсе емес, ол заман талаптарына сай үнемі жаңарып-жаңғыртылып отырады. Бұл құжаттың басты мақсаты – мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ету.
Пікірлер (0)