«QUIZ» ОЙЫНДАРЫ НЕСІМЕН ҚЫЗЫҚ?
Редакция таңдауы
208
Жуырда ғана тұңғыш рет 1000 жас қатысқан «Quiz» ойыны өтті. Осылайша, талайды таңдандырған сайыс Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Бұл бәсекені Нұрлан Азаматов бастаған топ ұйымдастырды. Жұртшылықты әп-сәтте еліктіре кеткен «Quiz» ойындарының түпкі мақсаты қандай? Ойын неліктен жастар арасында танымал? Осы және өзге де толғандырған сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Қазір «білекті – бірді, білімді – мыңды жығар» деген мақалдың әділдік құрған заманы. Бұрын теледидардан қызықтап көрген «Миллион кімге бұйырады?», «ХХІ ғасыр көшбасшысы» сынды бағдарламалардың типологиясы шынайы өмірге өткелі қашан. Содан болар сенбі-жексенбі сайын кафе-барда жағалай топтасқан жасты көп байқап жүрміз. Астананың өзінде 2 қазақша, 3 ағылшын, 6 орыс тілінде «Quiz» ойындары тұрақты ұйымдастырылады. Бәрінің мақсаты бір – жастардың ой-өрісін, білімін жетілдіру, бос уақытын тиімді өткізуге жәрдемдесу.
– Бұрыннан Семейдегі «TezTap» ойындарының қатысушысымын. Одан бөлек, «Қазақша Quiz», «Bastime» ойындарының чемпионымын. Мұндай зияткерлік сайыстар жаңа дос, қызықты орта табуға көмектеседі. Өзім бір ойынды да қалт жібермей баруға тырысамын. Көп болса, қалтаңнан 1000-3000 теңгең кетер, бастысы миың сергіп, оның қалыпты жұмыс істеуіне сеп болады, – дейді интеллектуалды сайыстың белсенді қатысушысы Нұржан Өмірбаев.
Жалпы, «Quiz» сөзі ағылшын тілінен аударған викторина, сауалдама деген мағынаны білдіреді. Ойын ретінде шамамен 1975 жылдарда танымал бола бастады. Мұнда қатысушылар топ болып бірігіп, сұрақтарға тапқырлықпен тез әрі шапшаң 30-60 секундта жауап беруден бөлек, логикамен де сыналады. Жарыстың орташа ұзақтығы – 2-2,5 сағат. Интеллектуалдық алаңда шамамен 35-50 сұрақ қойылады. Еуропада зияткерлік ойын өткен ғасырда қанатын кеңге жайса, көршілес Ресейде бұл 2010 жылдың ортасында ғана аудитория жинаған.
– Елімізде мұндай форматтағы әртүрлі интеллектуалдық сайыс бұрыннан бар. Көршілес, шетелдердің бағдарламаларын аударып та, теледидардан да көріп жүрміз. Оқушы, студент кезімізде қатысып та көрдік. Бүгінде «Қазақша Quiz» зияткерлік сайысы – республика деңгейінде жастар арасында кең танымал ойынның бірі. Жалпы, қазақ тілінде куиз ойындары 2020 жылдан бастап өткізіледі. Өз басым 2014 жылдан бастап, Атырауда «Не? Қайда? Қашан?», «Білім-Ринг» атты интеллектуалды сайыстарды тұрақты өткізіп келемін. Ресейлік «Игра ТВ» компаниясының «Что? Где? Когда?» ойынының рұқсатын алып, құрал-жабдықтарымен бірге 5 жыл қатарынан ұйымдастырғанмын. Атырауда әр ойынға 15 командадан төмен келмейді. Командалар жарты тәулік ішінде тіркеліп үлгереді. Әр ойынға толық 21 топ қатысады. Бұл мейрамхана немесе іс-шара өтетін жердің сыйымдылығына байланысты есептеледі. Астана қаласында Аршат Ораз есімді әріптесім «Керек-Ринг» деген атпен командалар арасында осындай ойындарды 2000-жылдардың аяғынан бастап өткізіп жүрді. Қазір біздің жастар білімді, интеллектуалды ортаны жаны сүйеді. Сондықтан мұндай сайыстардың маңыздылығы жоғары. Өйткені «Quiz» ойындары – ойы ұшқырлардың бас қосатын бірден-бір ортасы, – деді «Қазақша Quiz 1000» жобасының авторы Нұрлан Азаматов.
Оның бұл сөзіне мұнайлы өңір Атырауда ұйымдастырылған 1000 адамдық куиз дәлел. Сайысқа Қазақстан Рекордтар кітабының ресми өкілі де арнайы шақырылыпты. Ол ойын барысында жеке санақ жүргізіп, 1002 қатысушы бар екенін куәландырып, сертификат табыстаған.
– Қазақстанда үш түрлі «TezTap», «Bastime» және «Қазақша Quiz» сайыстары параллельді өтіп жатқан бірден-бір қала – Атырау. Сол себепті куизді ұйымдастыратын қаланы таңдарда ұзақ ойланбадым. Бір жағынан қазақ тілді орта қалыптасқан өңір. Іс-шараның мақсаты бір мезетте 1000 қатысушыны сайысқа жинау болды. Бұл топтық ойын, қатысушылар 8-10 адамнан команда болып тіркеліп алдын ала жазылады. Жарыс 6 турдан, әр тур 34 сұрақтан тұрды. «Quiz» ойындарының ерекшелігі әр турдың сауалдары бір-бірінен өзгеше болып келеді. Бұл рекордтық ойында сұрақтар ортақ тақырыбы бар, логикалық тест форматында, суретпен жасырылған, аудио нұсқасында ұсынылды. Қатысушы тарапынан 2000-3000 теңге көлемінде жарна төленеді. Осы қаржыдан толықтай өтетін орны, дипломдары, сыйлықтар, фото және видео түсірілім өтеледі. Ұйымдастырушылар барлық «Quiz» ойындарын табыс үшін өткізбейді. Бұл жерде көбіне шығармашылық, рухани азық басты нысанада болады, – деді Н.Азаматов.
Иә, ол да бар. Алайда «Quiz» ойындарының игілігін қатысушылар ғана көрмейді. «Тұтынушы бар жерде, табыс бар» дегенді ескерсек, бұл интеллектуалдық сайысқа табыс көзі ретінде қарайтындар да бар. Бұған қоса кафе, бар, мейрамхана болсын, қоғамның қызығушылығына бейімделген нысандар, өзінің қызметін жандандыру мақсатында, келушілерді тарту үшін осы әдісті ұтымды қолданады», дейді «Quiz» ойындарын ұйымдастырушылардың бірі – Максим Алехин.
– Мұндай кәсіпті жаңадан бизнеске келген адам да алып кете алады. Былайша айтқанда, шығынсыз бизнес. Мәселен, «Мозгобойня» куизіне 1,5 млн теңге инвестиция жасасаңыз, ақшаңызды ақтау мерзімі 3-4 жыл емес, шамамен төрт ай ғана. Кейін жылына тұрақты кіріс көзі 4-5 млн теңге шамасында болмақ. Өйткені қазір ақылды, білімді, үнемі ізденісте болу сәнге айналды. Осы ретте «Quiz» ойындары белгілі бір ақпараттарды қорытуға, адамдарға өзіңді дәлелдеуге, мықты екеніңді мойындататын орта десек те болады. Кейбіреулері, тіпті апта бойы жиналып қалған негативті эмоциясын шығаруға келеді. Сондықтан қазір жұртшылықтың қызығушылығы жоғары, – деді ол.
Оқи отырыңыз
Редакция таңдауы
Хасан Қасымбаев Сенат депутатының туысы - дереккөз
Редакция таңдауы
«Хуторские» тобы: атышулы Хасан Қасымбаев ұсталды
Пікірлер (0)