Ресейдің АЭС-і, Мәжілістегі мәжбүрлі орыс тілі, Назарбаевтың билікке келуі – Ринат Зайытов бәрін айтты

Жаңалықтар
view 683
news

Сурет: Ашық дереккөзден

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов елдегі ең өзекті мәселелерге қатысты ашық пікір білдірді. Ол қазақ тілінің мәртебесі, Ресей салуы ықтимал атом электр станциясы, сондай-ақ экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ықтимал саяси белсенділігі жөнінде өз ойын айтты. Бұл туралы депутат Bilgen durys арнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды janabastau.kz ақпарат агенттігі

 Қазақ тілі – Мәжілісте күрес

Зайытов жуырда Мәжіліс мінберінде орысша сұрақ қойғаны үшін сынға ұшыраған болатын. Ол бұл әрекеттің ерікті емес, мәжбүрлі болғанын айтады.

"Неге мен Қазақстанда отырып, қазақ тілін аударып қосуым керек? Мемлекеттік тіл — қазақ тілі болса, қосымша тіл қазақша емес, орысша болуы керек пе? Мен сұрағымды қазақша қойдым, түсінбей тұр. Мәжбүр болмасам, орысша сөйлемеймін. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігімен ғана емес, өзге де министрліктермен байланысты мәселе," – дейді депутат.

 АЭС мәселесі – ұлттық қауіпсіздік

Ринат Зайытов Қазақстанда атом электр станциясын салу идеясын құптамағанын, әсіресе Ресеймен бұл жобаны жүзеге асыруға үзілді-кесілді қарсы екенін айтты.

"Ресей салады деген – қауіп. Технологиясы жақсы, бағасы тиімді деген өтірік. Олар тек ақша табуды ойлап отыр. Егер біз оларға энергиялық тәуелділікке қайта түссек, бұл жоба біз үшін көк тиын болады. Бұл – мемлекетке қарсы жасалған әрекет," – деді ол.

Назарбаев қайта саяси аренаға орала ма?

Сұхбат барысында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында Мәскеуге барған сапарынан кейін қоғамда тараған "қайта саяси сахнаға оралуы мүмкін" деген алып-қашпа әңгімеге қатысты да пікір білдірді.

"2029 жылы Назарбаев қайта келсе, мен таңғалмаймын. Өйткені бізде бәрі мүмкін. Оны қолдайтын топ аз емес. Халық мешітте "бата беріңіз" деп тұрады да, үйіне барып "тонады" дейді. Бұл – біздің қоғамның айнасы. Сондай шындықтан қашуға болмайды," – деді Зайытов.

"Депутат болу – нақты жұмыс емес"

Зайытов Мәжілістегі қызметіне де сыни көзқараспен қарайтынын жасырмады. Заң шығарушы органдағы жұмыстың ұзақ мерзімділігі мен нәтижесінің бірден көрінбеуі депутатты шаршатқанын айтады.

"Салалық жұмыста мақсат пен нәтиже айқын. Ал Мәжілісте заң қабылдасаң, соның нәтижесін екі-үш жылдан кейін көресің. Оған дейін сын, қысым, уәде, міндет – бәрі аралас. Қалсаң – бәріне жауапты боласың, кетсең – "уәде беріп алып, неге кетті?" дейді. Бұл да ауыр жүк," – дейді ол.

 

Пікірлер (1)

  • Асқар

    Мәжілістегі жағдай бізге емес Ринадқа мәлім ғой.қазақша сұраққа жауап бере алмайтын депутаттардың бәрі ертең солай ыздиып қалады ғой.орысша айтшы деп Не болсада қазақша қою керек еді, түсінсе түсінсін,түсінбесе бәрібір ештеңе өзгеріп жатқан жоқ.Повод жібермеу керек қой.Тіл бір тіл

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *