Токиода Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайы өтті

Жаңалықтар
view 164
news

Фото: Толқын Сұлтан

2026 жылғы 27–28 мамыр күндері Жапонияның астанасы Токио қаласында қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігі мен «Отандастар қоры» КеАҚ қолдауымен Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайы өтті.

Құрылтайдың алғашқы күні Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінде Азия елдерінен келген қазақ диаспорасы өкілдерінің қатысуымен маңызды жиын ұйымдастырылды. Онда «Азия елдеріндегі қазақтар кеңесін» құру туралы құжат қабылданып, кеңестің мақсаты, міндеттері мен қызметінің негізгі бағыттарына қатысты ортақ ұстанымдар бекітілді.

 

Бұл бастама өңірдегі қазақ қауымдастықтарының өзара байланысын нығайтып, олардың күш-жігерін бір арнаға тоғыстыруға бағытталған маңызды қадам болды. 28 мамыр күні Токио қаласындағы Minato City Center Libra ғимаратында Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайының негізгі пленарлық отырысы өтті. Құрылтайдың ресми ашылуында Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Кеңесұлы Баударбек-Қожатаев қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, алқалы жиынның жұмысына табыс тіледі. Құрылтай жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Нұрғалиқызы Жексенбай, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау, «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, сондай-ақ «Жапониядағы қазақтар қауымдастығы» қоғамдық ұйымының төрағасы Әбдібек Қалибек қатысып, сөз сөйледі.

Пленарлық отырыс барысында өзекті тақырыптарды қамтыған мазмұнды баяндамалар жасалды. Тарих ғылымдарының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы «Мәдени мұраны сақтау» тақырыбында баяндама жасап, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Шығыстанушы-зерттеуші Олжас Қуанбай «Қазақ-жапон тарихи байланыстары» тақырыбында сөз сөйлеп, білім мен жастар ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктерін саралады.

Ал этнограф-ғалым Айгерім Мұсағажинова «Қазақтың көшпелі асханасы: табиғат, тағам және мәдени білімнің тоғысуы» атты баяндамасында ұлттық тағам мәдениетінің тарихи және танымдық қырларын кеңінен таныстырды.

Өнер мен мәдениетке арналған бөлімде қазақтың дәстүрлі музыкалық мұрасын насихаттауға ерекше назар аударылды. Музыкант-мультиаспапшы, қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеуші, өнертану магистрі Абзал Арықбаев «Көмеймен ән айту дәстүрі – ежелгі өнердің жаңа тынысы» тақырыбында баяндама жасаса, музыкант-мультиаспапшы, фольклор маманы әрі өнертану магистрі Анар Қасымова «Сазсырнай аспабының әлемдік музыкадағы орны» тақырыбында ой бөлісті. Құрылтайдың миссиясы мен бағдарламасының таныстырылымын Тілек–Ерсін Балтағұл жасады. Іс-шараны белгілі театр және кино актері, драматург Сағаділдә Үсібәлі мен Токиодағы қазақ қызы Ақмарал Тоққара жүргізді. Құрылтай аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған арнайы көрме ұйымдастырылды. Күншығыс еліне Маңғыстау өңірінен арнайы шақырылған «JADAGAY» экологиялық бренді мен «AISHA KUMISTERI» ұлттық зергерлік бұйымдар компаниясы өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.

Жиынның қорытынды бөлімі қазақ музыкасына арналды. Кеш барысында көне түркілік сарындар мен заманауи музыкалық бағыттарды үйлестірген нео-этно-фольклорлық «Арқайым» ансамблі, танымал қазақстандық әнші Еңлік, жапон домбырашысы Акира және әнші Нұрбек Елемес өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Құрылтай қорытындысында Азия елдеріндегі қазақ диаспоралары арасындағы өзара іс-қимылды жүйелеу, олардың әлеуетін біріктіру және Қазақстанмен тұрақты институционалдық байланысты нығайту мәселелері талқыланды. Басқосу барысында өңірдегі қазақ қауымдастықтарының ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін «Азия елдеріндегі қазақтар кеңесін» құру бастамасының өзектілігі мен оны жедел жүзеге асырудың маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Келесі жылы құрылтай Моңғолияның астанасы Ұлан Батырда өтетін болып бекітілді. Токио төрінде өткен бұл құрылтай шетелдегі қазақтардың бірлігін бекемдеп, ұлттық болмысты сақтау мен дамыту жолындағы маңызды тарихи қадам ретінде есте қалды. 

ТОЛҚЫН СҰЛТАН, қазақ радиосының редактор-жүргізушісі, Мәдениет саласының үздігі Токио, 28 мамыр, 2026 жыл.

Пікірлер (0)

Пікір қосу

Сіздің атыңыз *
Сіздің пікіріңіз *